#qyzylordatv #жұмысшымамандықтаржылы

Қазалы ауданында «Жұмысшы мамандықтар жылы» және Еңбек күніне орай «Адал азамат – еңбектің үлгісі» атты мерекелік іс-шара өтті. Жиында туған жерді түлетіп, өңірдің өсіп өркендеуі жолында еселі еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшыларға құрмет көрсетілді.

Құрыш қолды құрылысшы, темірдей тәртіпке бас иген теміржолшы, төрт түлікті түлеткен малшы, ырзық несібесін жерден жинаған диқан, бау-бақшасын гүлдендірген бағбан. Еңбек майданында адал қызмет етіп, маңдай терін төгіп жүрген кәсіп иелеріне құрмет қашанда ерекше. Мемлекет басшысы осы орайда «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбеккеш және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек», - деді. Ауданда еңбек адамдарын ұлықтау, олардың өмір жолы мен елге сіңірген еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Бүгінде Қазалыда қай салада болмасын қарқынды тірлік бар. Әсіресе, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру, көркейту көгалдандыру, абаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Салтанатты шарада күндіз түні тыным таппай, туған жердің тазалығына атсалысып жүрген азаматтар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Бірқатар еңбек адамына шипажайға жолдама берілді.

Мерекелік жиында «Қазалы тазалығы» мекемесінің жүргізушілеріне «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсында берілген автокөліктердің кілті салтанатты түрде табысталды. Кеш жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.