#qyzylordatv
Сырдың сол жағалауынан жанкүйерлер көптен күткен «Қайсар арена» стадионы ашылды. Тарихи нысанның іске қосылуына орай футболдан Қазақстан кубогының финалдық бәсекесі ұйымдастырылып, көпшілік нағыз спорт мерекесіне куә болды. Тойдың болғанынан, боладысы қызық. Стадион маңы абыр-сабыр. Жұмысшылар кем-кетікті түзесе, жанкүйерлер тезірек ішке кіруге асық. Бір сөзбен, еліміздегі футболсүйер қауымның назары түгелдей Cырдағы су жаңа стадионға ауды.
Негізі, Қазақстан кубогының финалдық бәсекесі кешкі жетіге жоспарланған. Ал, стадион маңында сағат бестен бастап мереке дүбірі естілді. Нағыз футбол тойы, дерсің. Ала допты ұршықша иірген жеткіншектер айналаны базар қылды. Сондай-ақ, викториналық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға спорттық бұйымдар табысталды. Бұл сырттағы көрініс. Ал стадионға енген жанкүйерлердің тебіренісі тіпті бөлек.
Финалдық матч басталмас бұрын қазақ эстардасының жарық жұлдызы Садраддин көрермендерге әуезді әнін ұсынды. Таңдаулы туындыларды қосыла шырқаған жұртшылық ауа-райының салқындығын сезе қойған жоқ.
Сырдағы сәулетті стадионның ашылу салтанатына еліміздің туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров арнайы келді. Сондай-ақ, қоғам қайраткерлері, спорт сарапшылары мен мыңдаған футбол жанкүйері ат басын Сырға бұрған. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, президент пәрменінің мүлтіксіз орындалғанын сүйіншіледі.
Сонымен, жұртшылық тағатсыздана күткен финалдық матч басталды. Ә, дегеннен Андрей Мартин баптайтын ордабасылық ойыншылар алға лап қойды. Бірнеше гол соғатын мүмкіндік туған. Бірақ, шымкенттік футболшылар ұрымтал сәтті ұтымды пайдалана алған жоқ. «Сен соқпасаң, саған соғады». Бұл футболдың жазылмаған қағидасы. Ойынның он тоғызыншы минутында Асхат Тағыбергеннің әуелете асырған пасын шабуылшы Николай Сигневич қақшып алып, голға айналдырды. Қостанайлық жанкүйрелердің қуанышында шек жоқ. Асхат Тағыбергеннің тілеуін тілеген Сыр жұртшылығы да алғашқы голды ерекше тойлады.
Мұнан соң матчтың 33-ші минутында Ислам Чесноков жеке шеберлігінің арқасында қорғаушыларды қапы қалдырып, тағы да Тобылды алға шығарды. Есеп – 2:0. Шымкенттік жанкүйерлер де ойын соңына дейін футболшыларға тік тұрып қолдау көрсетті. Дегенмен, алғашқы таймда соғылған екі гол матч тағдырын шешіп қойған еді. Ордабасы ойыншылары 95 минут бойы төпелеп шабуыл жасағанымен, Сұлтан Бұсырманов қорғаған қақпаның кілтін таба алмады. Десе де, тартысты өткен бәсекеде 11 мың жанкүйер нағыз футбол тойына кәу болғаны анық.
Осылайша, Қостанайдың «Тобыл» футбол клубы Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды. Айта кетейік, бұл команда ел кубогын осымен үшінші мәрте иеленіп отыр. Әрине, бұл жетістікке Сыр перзенті Асхат Тағыбергеннің үлесі зор. Дүбірлі матчтан соң қызылордалық стильді хитке айналдырған «Беллучи» тобы ән шырқап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Айта кетерлігі, Сыр төріндегі тарихи матч «Қызылорда» және «ҚазСпорт» телеарналарынан футболсүйер қауымға тікелей эфирде ұсынылды. Сондай-ақ, стадион маңына арнайы лэд экран қойылып, ойынды трибунадан тамашалай алмаған жанкүйерлерге де жағдай жасалған. Шыны керек, онлайн трансляцияның машақаты көп. Осы жауапты жұмысты абыроймен еңсеруге біздің арнаның мамандары да сүбелі үлес қосты. Бір сөзбен, миллиондар көз тіккен матч жүздеген жанның еңбегімен көрікті болды.