#qyzylordatv

Журналистер жасыл алаңда бақ сынады. Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында «Достық Лайв» шағын-футбол турнирі өтті. Биыл алғаш рет жалауы желбіреген жарысқа облыстық Ассамблея жанындағы журналистер клубы ұйытқы болған. Ала доп бәсекесінде қай команданың асығы алшысынан түсті? Әріптесім Елдос Асан әңгімелейді.

 Ассамблея жанындағы журналистер клубының жоспары ауқымды. Тілшілермен тығыз байланыс орнатқан ұйым түрлі іс-шараларды өткізіп жүр. Соның бірі – «Достық лайв» турнирі.

ЕЛЕНА РЫБИНА – ОБЛЫСТЫҚ ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ ЖУРНАЛИСТЕР МЕН САРАПШЫЛАР КЛУБЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ// Негізі клуб бірнеше жылдан бері жұмыс жасап келеді. Бұл клубқа жалпы аймақтағы БАҚ өкілдерінен құралған 40 жуық журналистер мен эксперттер ынтымақтастықта жұмыс жасап, қоғам арасында ұлтаралық келісім бағытында әртүрлі материалдарды жариялап келеді. Бір жылдың ішінде 2 мыңға жуық материал жарияланды. Сонымен қатар әртүрлі танымдық мәдени шараларды ұйымдастырып отырады.

Жалпы, қызылордалық қаламгерлердің шағын футболға қызығушылығы жоғары. Талай мәрте республикалық турнилерде топ жарып, қанжығалары майланып жүр.

 ӘДІЛБЕК СЕРІКҰЛЫ – «QAZAQSTAN» ҰЛТТЫҚ ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ОБЛЫСТАҒЫ МЕНШІКТІ ТІЛШІСІ // Міне әріптестер футболға да көңіл бөліп, журналистер салуатты өмір салтын ұстанып, футболмен бір сергіп қалсын деген ниетте Достық турнирі өтіп жатыр. Жалпы Сыр қаламгерлері, журналистері футболдан алыс емес. Өзіміздің «Ақмешіт» футбол командамыз бар. Республикалық турнирлерде жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр.

 Бес команда турнирде айналмалы жүйе бойынша жеңімпазды анықтады. Алғашқы ойында «Меншікті тілшілер» командасы «Қоғам ТВ» ойыншыларын ойсырата жеңді. Ал, «Қызылорда» телеарнасының ұжымы тартысты өткен кездесуде «Сыр медианы» қапы қалдырды.

  Әр матч шиеленіске толы болды. Нәтижесінде, «Қоғам ТВ» қола жүлдені місе тұтты. Ал, «Меншікті тілшілер» екінші орынды еншілесе, бірінші орынды «Қызылорда» телеарнасының командасы жеңіп алды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қаржылай сыйақы мен кубок табысталды.

 АСҚАР ТӘЖИЕВ – «QYZYLORDA» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ САРАПШЫ РЕДАКТОРЫ //Достықты, ынтымақты насихаттайтын турнир болғандықтан, әдемі, тамаша, тартысты турнир өтті. Біз обылстық телеарна командасы алғашқы үш ойында жеңіске жетіп, 9 ұпай еншілесек, соңғы ойында меншікті тілшілер командасымен кәдімгідей финалдық ойын есебінде болады. Негізгі уақытта 3:3 болып тарқасқанымызбен, қосымша уақытта бізге бағымызға орай жеңісті жұлып алып кеттік десек болады.

 Айта кетейік, ала доп бәсекесінің үздік ойыншылары да марапат төрінен табылды. Футбол бәсекесін ұйымдастырушылар дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.