#qyzylordatv

Арал ауданында да ұстаздар күні сән-салтанатымен аталып өтті. Талай шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты жандардың еңбегі еленіп, марапат төрінен көрінді.

Атаулы күнге орай саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған білім саласының ардагерлері мен үздіктері мәдениет үйінде бас қосты. Алдымен аудан басшысы Аманжол Оңғарбаев ұлағатты ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, ұлт болашағы үшін сіңірген қажырлы еңбектеріне алғысын білдірді.

 Соңғы жылдары ауданның білім саласы ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуде. Бүгінде, Арал ауданы білім бәйгесінде үздік үштіктің қатарында. Соның дәлелі, былтыр ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен аралдық түлектердің 90 пайызы жоғары және арнаулы оқу орындарына оқуға түсті. Ал, биыл Аралда 4 жаңа мектеп салынып, ел игілігіне табысталса, тағы бір білім ошағының құрылысы қарқынды жүргізілуде.

 Салтанатты кеш барысында бірқатар педагогтың мерейі үстем болды. Солардың бірі, ардагер ұстаз Сәуле Байдеуова. 40 жыл білім саласында қызмет етіп, саналы да білімді ұрпақ тәрбиелеуде өз үлесін қосқан жан. Өзгелерге үлгі бола білген ағартушы бұл күні зор құрметке бөленді. Облыстың ең жоғары марапаты «Құрмет грамотасы» табысталды.

 Сәуле Байдеуова секілді мәртебелі марапатқа ауданның тағы екі мұғалімі ие болды. Сондай-ақ, 18 ұстаз аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Жалпы мерекелік кешке жиылған барша ұстаздар қауымы сый-құрметті сезінді.

 Ұстаздарға арналған мерекелік шарада жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, салтанатты кеш концерттік бағдарламаға ұласты.