#qyzylordatv

Елімізде ауыл шаруашылығы санағының екінші кезеңі өтуде. Қазір интервьюерлер барлық елді мекенде үй-үйді аралап, деректер жинап жатыр. Жалпы саны шамамен 1,6 миллион үй шаруашылығын қамту жоспарланған. Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев сала мамандарымен жүздесіп, ауыл шаруашылығы санағына қатысты мәселелерді пысықтады. Сондай-ақ интервьюерлермен бірге үй аралау жұмыстарына қатысты.

 Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Қайратұлы алдымен департамент ұжымымен кездесті. Жиында санақтың өту барысы мен онда кездесетін кедергілер сөз болды. Жүздесуде сала ардагерлері әр кезеңнің ерекшеліктеріне тоқталып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Санақ жүргізу – тек статистиканы білу емес, бұл аграрлық секторға қатысты нақты ақпараттарды жинау. Осы арқылы саланың орнықты дамуы айқындалып, азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

 Бюро басшысы музейді аралап көріп, статистика департаментінің тарихымен танысты. Мұнан соң «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету кабинетінде болды. Жалпы соңғы жылдары саланы цифрландыру бағытындағы жұмыстар ауқымды.

 Санақтың онлайн кезеңіне 600 мыңнан астам респондент қатысты. Ол кезде ауыл шаруашылығы құрылымдары мен үй шаруашылықтары сауалнаманы sanaq.gov.kz сайтында толтырды. Ал 20 қыркүйекте басталған екінші кезең бір айға жалғасады. Интервьюерлер үйлерді аралап, деректерді планшет арқылы жинауда. Нағи Ілиясов ауылына барған Мақсат Тұрлыбаев интервьюерлермен бірге бірнеше үйді аралап көрді. Сұрақтар қарапайым әрі тек ауыл шаруашылығы қызметіне қатысты. Онда мал мен құстың болуы, жер ресурстарын пайдалану, бақша егу, тыңайтқыш қолдану және басқа да мәліметтер сұралады.

 Ескеретін жәйт, санаққа қатысты жеке адамның дерегі жарияланбайды. Ұлттық статистика бюросы ақпараттың қауіпсіздігі мен құпия сақталуына кепілдік береді. Барлық жауап заңмен қорғалған, ал деректер тек жалпыланған түрде қолданылады.

 Мұнан соң Мақсат Қайратұлы сол жағалаудағы «Сырдария» коммуналдық базарында болып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын назарға алды. Жалпы санақтың сапалы жүргізілуі баға тұрақтылығына да әсер етпек.