#qyzylordatv

 Ұлылықтың кемеңгері – ұлы ұстаз. Осындай атаумен Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде ұстаздар күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Білім бағбандарына құрмет көрсетілген кеште бірқатар ұстаздар марапат төрінен көрінді.

Қызылордалық ұстаздарды төл мерекесімен құттықтаған қала әкімінің орынбасары елдің болашағы үшін мұғалім мамандығының қаншалықты маңызды рөл атқаратындығын тілге тиек етіп, саладағы толымды тірліктерге тоқталды.

 Білім саласына жасалған қолдау мен ұстаздардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде оқушылардың жеткен жетістігі аз емес. Шәкірттер түрлі байқауларға қатысып, халықаралық, республикалық зияткерлік сайыстарда, олимпиадаларда топ жарып келеді. Ұлттық бірыңғай тестілуде Сыр өңірінің өрендері грант санымен алдыңғы қатарға шықты. Еселі еңбектің өтеуі ретінде ұстаздарға құрмет көрсетілді. Ардагер-ұстаздар Оқу ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сондай-ақ «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және облыстың «Құрмет» грамотасын иеленді.

 Бұл күні «Үздік педагог» байқауы қалалық кезеңінің жеңімпаздары анықталып, 10 ұстазға 150 мың теңгенің сертификаты табысталды.

 Ұстаздар қауымының құрметіне арналған мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Шәкірттердің ыстық ықыласы, ұстазға деген шынайы алғысы ән болып әуеледі.