#qyzylordatv
Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелеуші, ұрпаққа бағыт беруші тұлға. Мерекеге орай, Сырдария ауданында да мұғалімдерге лайықты сый-құрмет көрсетілді. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев білім саласының ардагерлері мен жас мамандарды қабылдады.
Ұрпақ тәрбиесіне ғұмырын арнаған ардагер ұстаздарға деген құрмет қашанда жоғары. Ардагер ұстаздармен өткен бұл басқосу – тек естеліктер мен лебіздер ғана емес, жүректен шыққан шынайы алғыстың көрінісі іспетті. Шара барысында, аудан әкімі сөз сөйлеп, ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол өз сөзінде білім мен тәрбиенің қоғамдағы орны, ұстаздардың ел болашағына қосар үлесіне ерекше ықыласпен тоқталды.
БЕРІК СӘРМЕНБАЕВ – АУДАН ӘКІМІ
// Бүгінгі жүздесу – білім мен тәрбие саласында аянбай еңбек еткен , өз өмірін жас ұрпақтың болашағына арнаған ардагер ұстаздарға деген құрметіміздің көрінісі. Бұл өскелең ұрпақтың, қоғамның ұстазға деген шексіз алғысы мен шынайы ризашылығының белгісі. Қадірлі ардагерлер! Сіздер – еліміздің алтын қазығы саналатын білім беру жүйесінің негізін қалаған буын өкілісіздер. Ел боламын десек, ең алдымен ұрпағымыз білімді, тәрбиелі, отаншыл болуы керек дейміз. міне, осы ұлы міндетті өздеріңіз арқалап, бірнеше буынға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, ұлт келешегінің іргетасын қаладыңыздар.//
Ұстаз — қай қоғамда да қадірлі тұлға. Ал өмірін білім мен тәрбиеге арнаған ардагер ұстаздарға көрсетілер құрмет — бұл ұрпақтың парызы, елдің алғысы. Мерекелік кештің ең әсерлі сәті — ардагер ұстаздардың жүрекжарды тілектері болды. Жас ұрпаққа деген үмітін, ұстаздық жолдағы естеліктерін тебірене жеткізген ұлағатты тұлғалар шәкірт тәрбиелеудің жауапкершілігі мен қадірін ерекше атап өтті. Ғұмырының 36 жылын ұстаздыққа арнаған Бейсенкүл Ахатайқызының басты ұстанымы, мамандыққа адал болу, әр оқушыға өз балаңдай қарап білім нәрімен сусындату.
БЕЙСЕНКҮЛ АХАТАЙҚЫЗЫ – АРДАГЕР ҰСТАЗ
// Ерекше мамандық иелерін ұстаздар күнімен құттықтаймын! Отбасына – амандық, дендеріне – саулық тілеймін! Мен ойлаймын, бұл – ұстаздарға берілген үлкен баға, халыққа деген – ілтипат, мұғалімдерге деген–ілтипат, ұрпаққа деген – құрмет деп ойлаймын.//
МЕЙРАМКҮЛ СЕРІКБАЕВА – АРДАГЕР ҰСТАЗ
//Осы мамандықты таңдағаныма, өте қуаныштымын. Балаларға қазақ тілі тазалығының сақталуын үйрету, жалпы қазақтың тарихын үйрету біздің басты мақсатымыз. Осы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болуым, маған өмірге деген үлкен ықыласымды, өмірге деген талпынысымды, осы білім саласына деген өзімнің шығармашылық қабілеттерімді шыңдай түсті деп ойлаймын.
Білім мен тәрбиенің бағдарына айналған ұстаз еңбегі – ұлт болашағының іргетасы. Ал мерекелік кездесу – сол еңбектің лайықты бағаланғанының айғағы болды.