Сыр төрінде «Абай айтқан «Еңлік-Кебек» трагедиясы сахналанды. Классикалық туындыны Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының ұжымы қызылордалық өнерсүйер қауымның назарына ұсынды.
Абай өлкесіндегі өнер ұжымының үздік туындысы қазақ руханиятының алып тұлғалары — Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағауия Абайұлы және Мұхтар Әуезовтің әдеби мұраларына негізделе отырып сахналанды. Еңлік пен Кебек тағдыры арқылы елдік, бірлік, адамгершілік, махаббат секілді мәңгілік құндылықтар көркем бейнеде көрініс тапқан. Шығыстық ұжым шығармадағы кейіпкерлерді керемет сомдап, сырбойылық көрермендердің ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді. Ұлт мәдениеті мен руханиятының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген театр ұжымы Сыр еліне сапарын Абай Құнанбайұлының 185 жылдық мерейтойымен сабақтастырып отыр.