Сол жағалаудағы жаңадан ашылған стадионда Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуы және қала күні мерекесіне арналған гала-концерт өтіп жатыр. Облыс орталығындағы айтулы шараға Сыр топырағынан түлеп ұшқан, елімізге белгілі эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, қала тұрғындары мен қонақтарына тамаша кеш сыйлауда. Мерекелік кештің ең басты ерекшелігі Қызылордада алғаш рет дрондар шоуы ұйымдастырылды.
Тарихқа көз жүгіртсек, осыдан бір ғасыр бұрын, яғни 1925 жылы еліміздің бас қаласын Орынбордан Ақмешітке көшу туралы шешім қабылданған болатын. Мұнан соң «киргиз» атауы «қазақ», «Киргиз АКСР» «Қазақ АКСР» деп өзгертілді, ал ағартушы ғалым Қоңырқожа Қожықовтың ұсынысымен Ақмешіт қаласының аты Қызылорда деп өзгертілді. Міне, осы бір тарихи сәтті Сыр өнерпаздары театрландырылған қойылым арқылы көпшілік назарына ұсынды. Қазақ АКСР-ныӊ алғашқы астанасы болған Ақмешітте бүгінде байыпты бастамалар мен жарқын жобалар жүзеге асуда. Сыр өңірінде барлық негізгі экономикалық көрсеткіштердің өсімі қалыптасып, республикада алдыңғы қатарда көрініп келеді. Қай саланы алып қарасақта ауыз толтырып айтар жетістік бар. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала күніне арналған салтанатты шарада айтты.
Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл және қала күні мерекесіне арналған кештің ең ерекше сәті – дрондар шоуы. Дрондар түрлі-түсті нысандарды бейнелеп, қызылордалықтарға тамаша тарту жасады.
Сыр өңіріндегі торқалы тойға қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Елена Әбдіхалықова, Жеңіс Ысқақова, Мәдина Сәдуақасова, Гүлнұр Оразымбетова, Төреғали Төрәлі, Кеңес Әлімжан, Жарасқан Төлебай және жастардың сүйікті әншісі Kalifarnia мен Raim өнер көрсетіп, кеш көрігін қыздырды.