Егін жинау науқанының аяқталуына орай «Алтын күз-2025» мерекесі аясында облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Онда барлық аудандар мен Қызылорда қаласының шаруалары өз өнімдерін өндіруші бағасымен ұсынды. Аудандардан 500-ге жуық жүк көлігімен 1000 тоннадан астам өнім жеткізілді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаланың әр аумағында ұйымдастырылған жәрмеңкені түгел аралап шықты. Мерейлі мереке аясындағы берекелі іс-шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Еңбек Ерлері қатысты. Сауда-саттықтың барысын көріп, азық-түлік бағаларымен танысты. Жалпы биыл Сыр диқандары күзгі жиын-терімге уақытылы кірісіп, толағай табысқа қол жеткізді. 470 мың тоннаға жуық күріш жиналып, оның әр гектарынан 58,1 центнерден өнім алынды.Дәнді және майлы дақылдар, картоп, көкөніс, бақша өнімдерінен де мол өнім жиналды.
Міне, сол еселі еңбектің жемісі - сауда сөрелеріне 150 тоннадан астам күріш, 30 тонна ет, 35 тоннадай балық өнімдері, 300 тонна картоп, 300 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 250 тонна бақша, 10 тоннадай сүт, 10 тоннаға жуық бакалея және кондитер өнімдері, 100 бас тоқты және 30 тонна жем-шөп қойылған.