Сыр өңірінде дүбірлі той. Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай бірқатар мерекелік іс-шаралар бастау алып, еліміздің әр түкпірінен арнайы қонақтар келді. Ғасырлық той «Қызылорданың астаналық кезеңі: тарих пен тағылым» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциядан басталды. Жиында ғалымдар ғасырлардан сыр тартатын тарихи деректерді тірілтіп, аймақтың бүгінін бағамдады.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Сыр өңірі – астаналар мекені, ұлт руханияты мен мәдениетінің алтын діңгегі» екеніне тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ өңірдегі толайым тірліктерді тілге тиек етіп, атқарылған ауқымды жұмыстарды баяндады. Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау лебіздері оқылды. Сенатор Наурызбай Байқадамов «Қазіргі қала мәдениеті мен Қызылорда» тақырыбында баяндама жасап, шаһардың даму тенденциясын талдап көрсетті.
Ал мемлекет және қоғам қайраткері Болатбек Қуандықов аймақтың даму деңгейін өткені мен бүгінін салыстыра отырып сараптады. Мұнан соң ғалымдар өткен тарихты таразылап, Сыр өңірінің қазақ үшін орны бөлек өлке екенін ғылыми тұжырымдармен толықтырды. Жүз жыл бұрын Орынбордан кейінгі Ақмешіттің астана атануы Алаш үшін ардақты мекен екенін көрсетеді. Мемлекет үшін маңызды, ел егемендігіне ұмтылу жолындағы шешуші қадам осында жасалды. 1925 жылғы 15-19 сәуірде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қырғыз-Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік республикасы кеңестерінің бесінші съезі өтті. Съезд барысында, алғаш рет Қазақ республикасы деген атау өмір шындығына айналды. Ақмешіт қаласын «Қызылорда» деп атау жөнінде ұлттық маңызды тарихи шешім қабылданды.
Конференцияда Анкара Хаджи Байрам Вели Университетінің профессоры Хулия Касапоглу қазақ тарихына қатысты деректерді талдап, Алаш қайраткерлерінің тәуелсіздік жолындағы күрескерлігін сөз етті.
Жиында Ақмешіттің астана болған кезеңі, «Қазақ» атауының қайтарылуы, қала атының «Қызылорда» болып өзгеруі, басқа да маңызды тарихи шешімдер қабылдаудағы ұлт зиялыларының еңбегі және Қызылордада болған тарихи оқиғалар туралы мазмұнды баяндамалар жасалды. Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев көңілге түйген көп ойдың негізгілерін ортаға салып, тарихтан сабақ алуға үндеді.
Облыс әкімі барша сырбойылықтар атынан Алаш арысы, ағартушы-ғалым, «Қызылорда» атауын ұсынған Қоңырқожа Қожықовтың немересі Сәуле Құлахметқызына құрмет көрсетті.
Мереке қарсаңында Қызылорданың 100 жылдық тарихына арналған кітап жарық көрді. Өңірдің өткені мен бүгінінен сыр шертетін деректі фильмдер түсіріліп, көрерменге ұсынылды. Негізгі мақсат – құнды деректерді қағазға қаттап, жас ұрпаққа аға буынның жасампаз істерін үлгі-өнеге ету, архив қорын толықтыру. Конференцияның да көздегені осы.