Облыс орталығындағы жәрмеңкеге Арал ауданынан 148 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері әкелінді. Соның ішінде теңізді өлкенің басты байлығы балық пен тұзға, түйе еті мен шұбатқа сұраныс жоғары болды. Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл және қала күніне орай ұйымдастырылған шарада аралдық өнерпаздар концерт қойып, тұрғындарға рухани азық сыйлады.
Қала тұрғындары Қамыстыбас питомнигінің су маржанын жыл сайын асыға күтеді. Себебі, тоғанда өскен дөңмаңдайдың дәмі бөлек. Оның үстіне тірі балықты сол мезетте судан сүзіп, қалтаға салып беріп жатыр. Айта кету керек, Қамыстыбас балық питомнигі биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша 12 млн. бір жаздық, 420 мың екі жаздық шабақты кіші Арал теңізіне, Сырдария өзеніне және Қамыстыбас көліне жіберіп, балықтандыру жұмыстарын толықтай аяқтады.
«Балық шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» атанған аралдықтар жәрмеңкеге 20 тонна балық және балық өнімдерін әкелді. Мұнан бөлек Қарақұмның қойнауында жайылған түйе мен жылқы еті, қолдың таза құрты мен шұбаты, аралдың ас тұзы тұтынушыға тиімді бағада босатылды.
Ен далада еркін жайылған ірі қараның еті мен сүтіне сұраныс жоғары болды. Себебі, ауылдың табиғи дәмі ешқандай делдалсыз тұтынушыға тікелей жеткізілді. Биыл Арал балық шаруашылығы өндірісінің құрылғына 100 жыл толып отыр. Осыған орай аудандық жыраулар үйі балықшылардың өмірінен сыр шертетін көрме жасап, көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ жәрмеңкеге келген тұрғындар балық сорпасынан дәм татты. Ал, аралдық өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, жәрмеңкенің көрігін кіргізді. Осылайша қала тұрғындары молшылық шарасына келіп, қыстық азығын қамдап, әсем ән тыңдап, көтеріңкі көңіл күймен тарқады.