Аймақта күзгі жиын-терім науқаны аяқталды. Егіске қажетті су тапшылығына қарамастан биыл Сыр диқандары маусымды табысты қорытындылап отыр. Яғни, күріштің әр гектарынан 58,1 центнерден өнім орылып, қамбаға 470 мың тоннаға жуық астық құйылды. Ала жаздай адал еңбекті талғап, несібені қамдаған диқан қауым үшін бұл ерекше сәт. Осыған орай облыс орталығында дәстүрлі алтын дән мерекесі ұйымдастырылып, қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсетілді.
Сыр еңбеккерлері биыл 189 мың 600 гектар алқапқа егін екті. Соның ішінде негізгі дақыл – күріштің көлемі 80 мың 900 гектар. Шаруалар ала жаздай алқапты кезекпен суарып, ымыралы еңбек етті. Соның нәтижесінде аймақта қуаңшылық орын алған жоқ. Алтын дән мерекесінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қамбаны қызылға толтырып, берекеге кенелген шаруалардың еңбегін жоғары бағалады.
Өңір диқандарының мерейлі мерекесіне Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлы бастаған делегация мүшелері және әр өңірдің мәслихат төрағалары арнайы қатысты. Жиында екі облыс арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс жайы сөз болып, нағыз еңбек адамдарына құрмет көрсетілді. Жалпы, егіс науқанының қорытындысы бойынша биыл Шиелі «Ең үздік аудан» атанып отыр. Ыбырай Жахаевтың ізбасарлары 12 мың 300 гектарға Сыр саласын егіп, күріштің әр гектарынан орташа 61,3 центнерден өнім жинады.
Биыл аймақта егісті әртараптандыру және азық-түлік қорын қамтамасыз ету мақсатында мал азықтық, картоп, көкөніс, бақша дақылдарына басымдық берілді. Соның нәтижесінде күріштен бөлек қамбаға 20 мың тоннаға жуық дақыл жиналған. Ал бақша өнімдері 400 мың тоннаға таяу. Бір сөзбен, қыстан қысылмай шығарлық қор бар. Мерекелік кеште осы мол өнімді қамдауға сүбелі үлес қосқан нағыз еңбек адамдары сахна төрінен көрінді. Ал, саналы ғұмырын саланың түлеуіне арнаған кәсіпкер Бақдәулет Мақашовқа облыстың «Құрметті азаматы» атағы табысталып, айрықша құрмет көрсетілді.
Салтанатты шарада озат шопан, үздік күріш өсіруші, білікті агроном секілді майталман мамандарға құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, саладағы салмақты бастамалар мен түйіткілді мәселелерді дер кезінде ақпараттандырып жүрген тілшілер қауымы да назардан тыс қалған жоқ. Үздіктердің қатарында «Қызылорда» телеарнасының арнаулы тілшісі Мақсат Кәрібай да бар.
Арысбек Байназаров берекелі күзде бейнеті қайтқан диқанның бірі. Ол биыл күріштен мол өнім жинап, темір тұлпарлы болды.
Еңбек адамдарына дәл осындай құрметті өңірде 10-нан астам шаруашылық құрылымы жасады. Көлікті болғандардың қатарында қарапайым сушыдан бастап, мәртебелі механизаторлар бар.