Жалағаш ауданында «Ауылға барамын» жастар жобасы жүзеге асты. Шара барысында кент жастары Еңбек ауылының тыныс-тіршілігімен танысып, қой сойып, ет жіліктеу, күбі пісіп, май шайқау, құрт жасау, табаға нан жабу секілді жұмыстарды үйренді.

Қазақтың әрбір азаматы қамшы ұстап, атқа мініп, төрт түліктің «тілін» тауып, мал соя білуі керек. Өкінішке қарай қазіргі күні кейбір жастардың қасапшылыққа қызығушылығы, ет турауға ебі жоқ. «Ауылға барамын» жобасының мақсаты - осы олқылықтың орнын толтырып, жігіттердің жігерін жану, қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрпын насихаттау. Таң атысымен Еңбек ауылына жиналған жастар алдымен мал бауыздап, қою сойып, ет жіліктеуді үйренді.

Ал, қыздар жағы ауылдағы көпті көрген аналармен бірге шоққа нан көміп, күбі пісіп, май алып, құрт жасады. Қала жастары осылайша ауылға келіп, еңбекке араласты. Қолдан жасалған таза табиғи өнімнен дәм татты.

Бүгінде аудан бойынша он мыңнан астам жас бар. Олардың басым бөлігі білім, денсаулық, кәсіпкерлік және мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істейді. Жалағаштық жастардың белсенділігі жоғары. Түрлі қайырымдылық, мерекелік іс-шараларға, тазалық жұмыстарына қатысып, ауданның дамуына өзіндік үлесін қосып жүр.

Жастарды еңбекқорлыққа баулып, отансүйгіштік қасиетін арттыруға бағытталған шара ашық аспан астындағы кездесуде қорытындыланды. Еркін форматтағы басқосуда аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет пен облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Әліби Басаров мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастарды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Кеш соңында ауданның белсенді топ өкілдері марапатталды.