Астанадан ақжолтай ақпар! Қызылордалық жас дарын Бексұлтан Орынбасар «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысында бірінші орынды иеленді. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Адамзаттың бәрін сүй!» тақырыбындағы дүбірлі додаға 14 ақын қатысқан болатын. Жыр бәйгесінде сырбойылық ақындардың жолын жалғаған жас таланттың өнері көптің көңілінен шығып, елдің алғысына бөленді.

Аламан айтыс Республика күні қарсаңында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өтті. Жыр додасында І орын иеленген қызылордалық жас дарын Бексұлтан Орынбасардың тапқырлығына талайлар тәнті болды. Себебі Бексұлтан бұл айтыста түйінді мәселелерді тап басып айтып, көп емес, дөп сөйлеуге тырысты. Өзінің шаппа-шап айтыста шыңдалған шын үздік екенін дәлелдеді. Әсіресе өзекті пікір, оралымды ой айтылған Сара Тоқтамысовмен айтысы ерекше есте қалды.

 Жыр барымтасында қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Айбек Қалиев иеленді. Оған «Алтын домбыра» және пәтер табысталды. Жүлделі 1-орын және автокөлік Бексұлтан Орынбасарға бұйырды.

Айта кетейік, осыған дейін Бексұлтан Орынбасар Шымкент қаласында өткен «Күміс домбыра» республикалық жастар айтысында бас жүлдені жеңіп алған болатын. Табан астында тауып айтып, көрермен көзайымына айналған Сыр мақтанышының алтын домбыраны алар күні де алыс емес секілді.