#qyzylordatv

Жалағаш ауданында ауыл шаруашылығы саласының көрнекті өкілі Мөрәлі Шәменовті еске алуға арналған дзюдодан жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті. Осымен жиырма алтыншы мәрте ұйымдастырылған дәстүрлі додада 250-ге жуық жас бақ сынады. Өнегелі ғұмыр иесінің есімі ұлықталған байрақты бәсеке турасында келесі бейнематериалымызда.

 Мөрәлі Шәменов соғыс даласында ғана емес, еңбек майданында да батыр атанған бірегей болмыс иесі. Марапат пен шарапаттың көгіне көтерілген тұлға елдің еңселі болу жолында саналы ғұмырын сарп етті. Сондықтан арда азаматтың есімі жыл өткен сайын жаңғыра түсуде. Дәстүрлі турнир осының айқын дәлелі.

 БАЛҚАШ ШӘМЕНОВА – М. ШӘМЕНОВТІҢ ҚЫЗЫ

// Бұл турнир осы әкеміздің есімін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылп отыр. Жастарға үлкен мүмкіндік. Себебі, республикалық турнирде жеңімпаз атанған балалар әрі қарай халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады. Осы жарыс басталғалы талай чемпиондар шығып жатыр. Президентімізде спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп жатыр ғой. Бізде осы салаға үлес қосқанымыз деп есептеймін. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін.//

 ЖҰМАТАЙ ҚОРҒАНБАЕВ – «НЕВАДА-СЕМЕЙ» АУДАНДЫҚ ҚБ ТӨРАҒАСЫ

//М. Шәменовті бала кезімнен білемін. Ол кісі қоғам қайраткері, білікті басшы. Осы кісінің атындағы турнир жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Мақсат – жас балаларды патриоттыққа тәрбиелеу, спортқа баулу. Еліміздің түкпір-түкпірінен спортшылар келіп қатысуда. Өте қуаныштымыз.//

 Дәстүрлі турнир жас таланттардың бабын байқап, бағын ұштайтын шеберлік алаңы. Сондықтан 5 облыстан 250-ге жуық жас 9 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Татами төріндегі тайталасты білікті мамандар бақылап, болашағынан зор үміт күттіретін спортшыларға бағыт берді. Міне, бұл ер есімі ұлықталған турнирдің ең үлкен жемісі.

 Бүгінде дзюдо күресімен айналысушылардың қарасы қалың. Әсіресе жас жеткіншектердің қызығушылығы зор. Мұны тартысты өткен сайыс нәтижесінен көруге болады.

Екі күнге созылған сайыс нәтижесі бойынша жалпы есепте Қызылорда облысының өрендері озық шықты. Ал түркістандық спортшылар екінші орынды иеленсе, үздік үштікті Жамбыл облысының дзюдошылары еншіледі.