#qyzylordatv
Ерікті болу – ерлік. Шиелілік оқушы Жанерке Ұзақбай сыныптастарымен бірге волонтер болып жүр. Бүгінде ол 20-дан астам оқушыны біріктіріп, жалғызбасты қариялар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын созып келеді. Аудан жастарымен кездескен «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай салтанатты шарада Жанеркенің еңбегін ерекше бағалап, алғыс білдірді.
Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен жалғызбасты қарияларды анықтап, оларға жәрдемдесу шиелілік жастардың өмірлік ұстанымына айналған. Мәселен, мына бейнероликке зер салсақ, Жанерке сыныптастарымен бірге қарт кісінің ауласын тазалап беріп жатыр. Бұл –жанашырлық пен қамқорлықтың көрінісі.
ЖАНЕРКЕ ҰЗАҚБАЙ – ЕРІКТІ // Осыған дейін, аудандық «Жастар рухы» еріктілер қоғамымен бірлесіп жұмыс істедім. Осы уақытта біз жалғыз басты қариялар мен жағдайы төмен отбасыларға барып, қол көмек көрсеттік. Ауданымыздағы бүкіл жастарды осындай қайырымдылық жұмыстарына ерікті түрде шақырғым келеді. Алдағы уақытта үлкен топ ашқым келеді. Осындай жақсы істерді жасауды жаным қалап тұрады.//
Белсенді оқушы аудандық деңгейде өтетін әрбір шараның бел ортасында жүреді. Оның бастамалары достарының да қызығушылығын оятып, әлеуметтік жобаларға араласуына сеп болып отыр.
ЖАНЕРКЕ ҰЗАҚБАЙ – ЕРІКТІ //Өзіміздің ауданымызда жалғызбасты аналар көп. Соларды қолдап, оларға қол көмектен бөлек, бірге әңгіме айтамыз. Көңілін аулаймыз. Менің басты мақсатым – біріншіден білім алу және жақсы істердің бел ортасынан табылу. Менің ойымша осы екі істің ортасынан табылсаң барлығына да жетесің.//
Туған өлкесіне жанашырлық танытып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүрген Жанеркенің ісі көпке үлгі. Аудан жастарымен кездескен «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай салтанатты жиында ерікті жастың еңбегін ерекше бағалап, марапаттады.