#qyzylordatv

Сыр сахнасында үлкен жүректі ұстаз, сандуғаш үнді әнші, талантты актриса Перуза Арғынбаеваны еске алуға арналған «Жадымда тұрар жаңғырып» атты классикалық ән кеші өтті. Еске алу шарасын Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінде білім алып, бүгінде еліміздің әр өңірінде қызметте жүрген Перуза Амангелдіқызының шәкірттері ұйымдастырды. Кеште симфониялық оркестрдің сүймелдеуімен қазақ және шетел композиторларының әлемге әйгілі туындылары орындалды.

 Перуза Амангелдіқызы өн бойына сан өнерді тоғыстырған ерекше талант иесі еді. Ол ең әуелі ұлағатты ұстаз, екіншіден бұлбұл дауысты әнші, үшіншіден сахна шебері. Музыкамен мұңдасқан, сахнамен сырласқан, театрмен тілдескен өз ісінің нағыз маманы болатын. Сыр өнерінің дамуына өзіндік үлесін қосқан Перуза Арғынбаева көзі тірі болғанда биыл алпыс жасқа толар еді. Шарада сөз алған әріптестері мәдениет саласы майталманының өмірі мен шығармашылық жолына тоқталып, естеліктермен бөлісті.

 Ұстаздың ең басты бақыты – шәкіртінің жетістігі. Колледж қабырғасында Перуза Арғынбаевадан тәлім алған қыз-жігіттер бүгінде еліміздің әр өңірінде белді қызметте. Қазақ музыка өнерінің өрістеуіне үлес қосып жүр. Соның ішінде Әйгерім Алтынбектің есімін ерекше атап өткен жөн. Талантты опера әншісі әлемге әйгілі Ла-Скала театрының академиясына қабылданып, тағлымдамадан өтуде. Кеште Әйгерім әлем классиктерінің озық туындыларын орындап, Сыр жұртшылығының ыстық ықыласына бөленді.

 ӘЙГЕРІМ АЛТЫНБЕК, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ОПЕРА ӘНШІСІ \Мені операға әкелген Перуза Амангелдіқызы. Біз сыныпта отырып бірге армандайтынбыз Ласкала театрдында өнер көрсетуді. ....\

 Симфониялық оркестрдің сүймелдеуімен өткен ән кешінде халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаттары Гаухар Ахетова, Айбек Хайролла, Фарида Бұлданова, Ғазиза Жүсіпбекова, Ербол Мұханов, Алтынбек Арыстанбектер өнер көрсетті.

 Ұстаз есімін ұлықтауға арналған сағынышқа толды сазды кеш көрерменге ерекше әсер сыйлады. Шара барысында Перуза Амангелдіқызының ата-анасына айрықша құрмет көрсетілді.