#qyzylordatv
Биыл Талсуат елді мекенінің бірнеше көшесі асфальттанып, жаяу жүргіншілер жолы салынбақ. Сондай-ақ, электр бағаналары қайта жаңғыртылып, негізгі көшелерді жарықтандыру бойынша жұмыстар жалғасады. Ал, Ақжарма ауылдық округіне қарасты Талдыарал елді мекеніндегі жаңадан қоныстанған аумаққа су тарату станциясы салынбақ. Бұл туралы ауыл әкімдері қалалық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысында баяндады.
Биыл Талсуат елді мекенін дамытуға 158,2 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы ауылдың инженерлік-ифрақұрылымын дамытуға бағытталмақ. Атап айтқанда, елді мекендегі Құмкөл, Ақмешіт, Атырау және Нұрмағамбетов көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салуға облыстық бюджеттен 49 млн 490 мың теңге бөлінсе, Сығанақ көшесін асфальттау үшін қалалық бюджеттен 22 млн теңге қаралыпты. Мұнан бөлек, тағы бірнеше көшедегі электр бағаналарын қайта жаңғырту үшін жоба-сметалық құжаттары дайындалуда. Балаларға арналған ойын алаңын салу да жоспарда бар, дейді ауыл әкімі.
Ал, Ақжарма ауылының бюджеті биыл 215 млн теңге болып бекітіліпті. Ауыл әкімінің айтуынша, бұл қаржыға Баймұрат батыр ауылындағы үш көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Сондай-ақ, тағы бес көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынады. Мұнан бөлек, ауылға қарасты Талдыарал елді мекеніндегі жаңадан қоныстанған аумаққа су тарату станциясын салу жоспарланып отыр.
Ауыл әкімдерінің баяндамасынан соң халық қалаулылары бірқатар бағдарламаларды орындаудағы кемшін тұстарға тоқталып, оны толықтыруды тапсырды. Сондай-ақ, ауылды дамытуға бағытталған қаржы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталу керектігін айтып, ұсыныстарын ортаға салды.