#qyzylordatv
Биыл қалаға қарасты Қызылжарма ауылында 14 көше күрделі жөндеуден өтеді. Мұнан бөлек тозығы жеткен электр желілері мен бағаналар жаңартылып, түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Ауыл әкімі Шәріп Әбдірахманов журналистерге арналған брифингте осы және өзге де жобаларға тоқталды.
Қала іргесіндегі Қызылжарма ауылында бес жүзге жуық кәсіпкер тіркелген. Елді мекенде өткен жылы «Іскер» бағдарламасы аясында 8 жоба қолдау тапса, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 19 млн теңгені құрайтын 2 жоба қаржыландырылды.
ШӘРІП ӘБДІРАХМАНОВ, ҚЫЗЫЛЖАРМА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
7 кәсіпкер жеңілдетілген несие алуға жылдың басында ұсыныс беріп отыр. Негізінен кәсіпкерлік саласына қызығушылық танытатындар көп...
Ауылдағы ең өзекті мәселенің бірі – жол инфрақұрылымы. Себебі, Қызылжармадағы 120 көшенің елу үшіне ғана асфальт төселген, қалғаны қиыршық тас жол. Тұрғындарды толғандырған түйткілді шешу мақсатында биыл бірқатар жұмыстар қолға алынбақ.
ШӘРІП ӘБДІРАХМАНОВ, ҚЫЗЫЛЖАРМА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
Облыстық бюджеттен 1 млрд. 474 млн. теңге бөлінді. Бұл қаржыға ауылдағы 14 көшеге асфальт төселіп, күрделі жөндеу өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Осы қаржы игерілсе ауылымыздың инфрақұрылымы біраз жақсаратын болады. Сонымен қатар ауылда үш су ұңғымасы қазылып, көктемде пайдалануға беріледі
Шет аймақтағы көшелер де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен өткен жылы 22 көшеге электр желісі тартылса, биыл республикалық бюджеттен 1 млрд. 915 млн. теңге қаржы бөлініп, ұзындығы 50 шақырымды құрайтын 67 көшеге электр бағаналары орнатылуда. Ауылдық округте абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстары да күн тәртібінен түскен емес.