«Сыр елі –жыр елі». Өңірге жиі телінетін бұл теңеу тегін емес. Себебі, Сыр топырағы талай шайырлар мен мен дүлдүлдерді дүниеге әкелді. Белгілі күйші-композиторлар, ақын-жыраулар осы топырақта туған. Олардың тағдыры қасиетті қара домбырамен біте қайнасқан. Десе де, классикалық музыкадан да кенде емес. Мәселен, Мүлкаман Қалауов атындағы өнер мектебінің шәкірттерің скрипка, виолончель, рояль және фортепиано аспаптарында ойнап, классикалық өнерді өрістетуде. Тіпті талантты жастар бұл аспап түрімен әлемдік сахналарды бағындырып үлгерген.
Иә, музыка – өткен мен бүгінді ұштастыратын тылсым дүние. Әсіресе, классикалық музыка – ешқашан мәні мен тыңдарманын жоғалтпайтын саф өнердің санатында. Симфониялық туындыларды тыңдау жанға жылылық сыйлайды. Жырдың бесігіне баланған біздің өңірде классикалық әуендерде ойнайтын жас буынның шоғыры қалыптасып, өрісі кеңейіп келеді. Оған Мүлкаман Қалауов атындағы өнер мектебінің қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз. Оқу ордасы ұжымы шәкірттердің талантын шыңдауда талмай еңбек етіп келе жатқанына 80 жылға жуықтады.
АНАР ЖАҢБЫРБАЕВА – М.ҚАЛАУОВ АТЫНДАҒЫ ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
// Біздің мектепке жақында 80 жыл толады. Мектеп 1948 жылы 15 тамызда ашылған. Қазір біз архивтерден осыны растайтын барлық құжаттарды таптық және бұл датаны заңды түрде атап өтеміз. Мүлкамана Қалауов атындағы қалалық өнер мектебі – Қызылорда қаласындағы жалғыз мектеп. Бұрын мұндай мектептер төртеу болған.Өнер мектебі – бастапқы кәсіби білім береді. Үйірме жұмысында негізінен тәжірибе болады. Ал бізде тәжірибемен қатар көп теория да оқытылады. Бізден балалар нақты, кәсіби білім алып шығады. Оқушыларымыз кейін колледждер мен консерваторияларға түседі. Яғни білім беру жүйесі үздіксіз жалғасады.//
Иә, өнер мектебінің талантты жастарды тәрбиелеуде өзіндік орны бар. Іргелі шаңырақтан мыңдаған өнерпаз түлеп ұшты. Қазір мұнда кәсіби музыкалық дағдыға баулитын үйірмелер жұмыс істеп тұр. Сондықтан кәсіби білім алғысы келетін жастардың қатары жыл санап артып келеді екен. Алайда, жаңа оқу маусымында бір мезетте мыңдаған оқушыны қабылдауға мүмкіндік бермейді. Ғимараттың таршылығынан талай талантты жастар тасада қалып жатыр, дейді Анар Жаңбырбаева.
АНАР ЖАҢБЫРБАЕВА – М.ҚАЛАУОВ АТЫНДАҒЫ ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
// Ғимаратқа келетін болсақ, бұл ғимараттың салынғанына көп жыл болған. Ол 1943 жылы салынған, жақында 90 жыл болады. Жыл сайын біз кеңеюді қалаймыз. Оқуға келгісі келетін балалар өте көп. Бірақ, өкінішке қарай, тіпті талантты балалар да оқуға түсе алмайды, өйткені біз бәрін сыйдыра алмаймыз.//
Өнер мектебі тек музыка емес, бейнелеу өнері мен би бағыттары бойынша тәлім береді. Талантты жастардың дені өнер мектебінде алған кәсіби білігін жоғары оқу орындарында жалғастырып, өнерін ұштайды.
Бұл ұлттық аспапқа аңсары ауып, бес жылдан бері домбыра тартып, Қазанғап, Құрманғазы, Динаның күйлерімен сусындап өскен Нұрперзент Мадрай. Ол «домбыра –мен үшін жай ғана музыкалық аспап емес, күнделікті тұрмыс-тіршілігімізден биік тұрған киелі құндылық», дейді.
Өнер мектебінің шәкірттері шығармашылық шарықтау биігіне жету үшін үлкен құлшыныспен шабыттана еңбек етуде. Нәтижесінде өнерпаздар мектеп қабырғасында жүріп-ақ биік белестерді бағындырып үлгерген. Қазір мектеп қабырғасында тек күй ғана емес, қазақ классиктерінің туындылары да орындалады.