Қызылордада спорт саласының өткен жылғы жұмысы қорытындыланып, алдағы міндеттер айқындалды. Сондай-ақ олқылықтар ортада ашық айтылды. «Достық үйінде» Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға сала басшылары, спорт мекемелерінің директорлары және федерация өкілдері қатысты.
Алқа отырысында 2025 жылы атқарылған жұмыстар сараланып, спорт инфрақұрылымы, федерациялар қызметі, қаржыны игеру мәселелері және олимпиадалық бағыттағы нәтижелер сөз болды. Басқарма мәліметінше, бүгінде өңірде 67 спорт федерациясы жұмыс істейді.
Қаржының тиімді игерілуі де күн тәртібінен түскен жоқ. Тексеру барысында кейбір мекемеде іссапар шығындары мен мен оқу-жаттығу жиындарына бөлінген қаражатты жоспарсыз жұмсау деректері анықталған. Тағы бір дерек, «Қайсар» қол добы клубы мен ұлттық спорт клубының медаль көрсеткіші азайған. Ал велоспорт клубында спортшылар саны артқанымен, нәтиже көңіл көншітпейді.
Өңір спортының басты межесі олимпиада. 2024 жылы Парижде өткен олимпиада және паралимпиада ойындарына аймақтан тоғыз спортшы жолдама алған. Ендігі мақсат 2028 жылғы АҚШ-та өтетін олимпиадаға жүйелі дайындық жүргізіп, жүлделі орындарға қол жеткізу.
Жиында басқарма басшысы спорт журналистерін, спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттады. Сөз соңында айтылған сын-ескертпелердің қатаң бақылауда болатынын мәлімдеді.