Бүгін облыс орталығында «Орхун Медикал» медициналық орталығы ашылды. Мұнан бөлек Титов мөлтек ауданында 400 келушіге арналған емхананың іргетасы қаланса, сол жағалауда 500 келушіге арналған емхананың капсуласы салынды. Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Парламент Мәжілісінің депутаттары құрылыс басында болып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

Титов мөлтек ауданының тұрғындары емхана мәселесін көптен бері көтеріп жүрген болатын. Себебі, олар бұған дейін типтік үлгіге сай келмейтін ескі емдеу мекемесіне барып, қажетті ем-домын алатын. Енді 40 мыңға жуық тұрғын жыл соңына дейін жаңа емхананың игілігін көреді. Ауысымына 400 келушіге арналған №5 қалалық емхананың жаңа ғимараты заман талабына сай, соңғы үлгідегі медициналық құрылғылармен жабдықталады.