Енді жұртшылық өздеріне қажетті құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталықтарынан кез-келген уақытта ала алады. Ол үшін цифрлы жүйеде жұмыс істейтін постамат құрылғылары орнатылуда. Бұл сервис тәулік бойы әрі демалыс пен мереке күндері де қолжетімді.
Бір сөзбен, халыққа қызмет көрсету орталығына барған тұрғындар кезегін күтіп уақыт жоғалтпайды. Дайын құжатты дем арасында алуға жағдай жасалып отыр. Әзірге мұндай постаматтар еліміздің 10 өңірінде орнатылған. Жалпы саны 14 құрылғы жұмыс істеп тұр. Бұл аппарат арқылы 19 түрлі дайын құжатты алуға болады. Тиісінше, қызмет ақысы да бар екен. Постаматты пайдаланғаныңыз үшін 518 теңге төлейсіз. Әзірге бұл тетік Қызылорда, Түркістан, Тараз және Семей қалаларында тиімділігін көрсетіп үлгерді. Айта кетейік, аталмыш құрылғы Қызылорда қаласы бойынша №2 халыққа қызмет көрсету орталығына орнатылған.