#qyzylordatv
Елде көші-қон талаптары қатаңдайды. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында айтылды. Мәселен биыл шетелдіктерді заңсыз көшірудің 5 арнасы жойылды. Жыл сайын 8 мыңға жуық жылжымайтын мүлік иесі азаматтарды жалған тіркегені үшін ұсталады.
Көші-қон тәртібі өзгереді. Үкіметте өткен комиссия отырысында саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Тұрақты тұруға рұқсат беру кезінде шетел азаматының құқық бұзбағаны, қылмыстық әрекетінің болмауы ескеріледі. Өтініш берушінің қаржылық жағдайы, қоғамға бейімделуі де жіті бақылауға алынады. Елдегі бірнеше ведомство бірлесіп, ел экономикасына қажет кадрларды тарту жөнінде ұсыныстар дайындауы тиіс. Сонымен қатар көші-қон саласында жасанды интеллект технологияларын енгізіп, шетелдіктердің келуін бақылау және құқық бұзушылықтарды анықтау жұмыстары күшейтіліп жатыр.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ
Қазақстан шетелдік жұмыс күші үшін тартымды ел бола түсуде. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанды талантты адамдарды тартатын, яғни білімді әрі ауқатты адамдар жұмыс істеуге, бизнес жасау үшін келетін орынға айналдыру міндетін қойып отыр. Бұл көші-қон саясаты мәселелеріне жаңа көзқараспен қарауды талап етеді. Біз бұл салада тәртіп орнатып, барлық мүдделі тараптарға түсінікті нақты «ойын ережелерін» орнатуымыз керек.