#qyzylordatv
«Qyzylorda» теларнасы үлкен мектеп. Олай дейтініміз, 35 жылдың бедерінде біздің арнадан талай тарланбоз тілші түлеп ұшты. Алды Америка асып ақпарат таратса, енді бірі қарт құрлықтың хабарын жеткізіп жүр. Осы «хабар» дегеннен шығады, еліміздегі ең үлкен медиа құрылым «Хабар» агенттігінде де «Қызылорданың» қалыбынан шыққан қаймақтар аз емес. Мерейтой қарсаңында аталмыш агенттіктің аймақтық тілшілер қосынындағы әріптестеріміз естеліктерімен бөліскен еді. Бейнематериалға зер салайық.
Райхан Тәжібаева есім-сойы ел құлағында жатталған журналист. Әріптесіміз сонау 1991 жылдан бері ақпарат саласында еңбек етіп келеді. Қызметінің бастау бұлағында біздің арна тұр. Кейіпкеріміз жастық жалын мен қызығушылығын қабыстырып теларнаға кастинг арқылы қабылданыпты. Содан бері арманын алға салып, түрлі қызметтік сатылардан өткен. Бүгінде «Хабар» телеарнасының аймақтық қосына жетекшілік етіп келеді. Кәсіби тұрғыда шыңдалған әріптесіміз телеарна әліппесін үйреткен ыстық ұяны ешқашан ұмытпаймын, дейді.
РАЙХАН ТӘЖІБАЕВА – «ХАБАР» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ МЕНШІКТІ ТІЛШІСІ
Мен үшін облыстық телеарна өмірімдегі жәй бір кезең емес, кәсіби шыңдалуымның бастау нүктесі деп білемін. Әуелі жаңалықтар жүргізіп, кейіннен алдыңғы толқынның үйретуімен кәсіби журналистік жолға түстік. Ол бойда жастық жалын бар ең қызықты кезеңдер еді. Содан бері талай жылдар өте шықты. Бірақ бұл арна біз үшін қашан да ыстық. Мамамныдыққа да, адамдыққа да биігінен бастаған өмір мектебі деп бағалаймын
Бұл «Хабар» агенттігінің аймақтық қосыны. Пернетақтаны сартылдатып әріп терген әріптестеріміздің жұмысы қауырт. Олар сәт сайын аймақ жаңалығын айдай әлемге ақпараттандырып отыр. Өңір тынысын өмір тынысына айналдырған ұжымда 4 маман еңбек етеді. Олардың бәрі әмбебап. Бейнематриалды таспалай да, монтаждай да біледі. Бұл «Qyzylorda» телеарнасында қалыптасқан қалып. Себебі мұндағы мамандардың төртеуі де төл арнаның түлегі.
НҰРЛАН ЖАҚЫПБЕКОВ – «24.KZ» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ МЕНШІКТІ ТІЛШІСІ
Өз ісінің мықты мамандарынан үлгі және тәжірибе алдық десем болады. Міне, осы жолда жаңалықтар қызметінде де жұмыс істедік, студияда диктор да болдық, жаңалықтар жүргіздік. Одан әрі «Үштаған» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі ретінде еңбек еттік. Біз қазір қайда жүрсек те алдымыздан сол тәжірибенің барлығы шығып, қазіргі қызметімізге пайдасын тигізіп жатыр. Сондықтан мен айтар едім «Қызылорда» телеарнасы журналистер қалыптасып, қайнап шығатын ұстаханасы, мектебі деп айтуға болады
Теле тіршілік бірдің білігімен бітетін шаруа емес. Бұл ұжым боп атқаратын синтездік өнер. Әр кадрдың артында терең таным мен кәсіби байқампаздық жатыр. Яғни, сөздің сөлін тамызғаныңмен бейнетүсірілімің басқаша бапталса, бәрі бекер. Бұл ретте, «Qyzylorda» телеарнасының операторлық мектебі де көптен көш ілгері. Бүгінде республикалық арнада еңбек етіп жүрген телеоператор Ахан Әлиев пен Нұржан Музарапшиннің ерекше қолтаңбасы осының дәлелі.
НҰРЖАН МУЗАРАПШИН – ТЕЛЕОПЕРАТОР, БЕЙНЕМОНТАЖЕР Телерарнаға 2015 жылы келдім. Ол кезде видеоаппараттың не екенін де аса білмеймін. Мені аға әріптестерім Талғат Әлменов пен Бауыржан Қожамұратов дайындады. Олар маған мамандықтың қыр-сырын көрсетіп, жалықпаудың, үнемі ізденудің, дамудың шығармашылықпен ойлаудың маңыздылығын түсіндірді. Негізі олар маған камерамен «дос» болуға көмектесті.
Бүгін біз аймақтық арнадан түлеп ұшып, бір ұжымда еңбек етіп жүрген бірнеше әріптесімізді ғана сөз еттік. Шын мәнінде, тәуелсіздікпен тел өскен телеарнаның тарландары көп-ақ. Бағамдасақ, «Қызылорда» телеарнасы тамыры алысқа жайылған мәуелі бәйтерек іспетті. Ал оның қай бұтағын тарамдасаң да, кәсібилік көрінеді.