#qyzylordatv
Аймақта соңғы үш жылда мүгедектігі бар азаматтардан мемлекеттік органдарға 1000-нан астам өтініш түскен. Олардың басым бөлігі медициналық қызметтің сапасы мен қайта куәландыруға, жұмыспен қамтуға қатысты. Бүгін үкімет отырысында талқыланған инклюзивті саясатты жүзеге асыру жайы өңірде де өзекті. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте мүгедектігі бар азаматтардың мәселесі жан-жақты қаралды.
Мәжілісте аймақ басшысы алдымен кадрлық өзгерістерге тоқталды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бұйрығымен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры лауазымына Ділмұхамед Абизов тағайындалды. Еңбек жолын бұрғылаушы ретінде бастаған Ділмұхамед Мінуарбекұлы әр жылдары жеке секторларда басшылық лауазымдарда болған. 2025 жылдың қыркүйек айынан осы уақытқа дейін қала әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Облыс әкімі палатаның жаңа басшысына сәттілік тілеп, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібі мен кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Мұнан соң өңірде инклюзивті саясатты жүзеге асыру жайы талқыланды. Аймақта 34 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тіркелген. Бұл облыс халық санының 4,1 пайызын құрайды. Биыл мүгедектігі бар азаматтарды оңалтуға бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Инклюзивті білім беруде оң өзгеріс бар.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ
Қабылданған шаралар мен атқарылған жұмыстар нәтижесінде жалпы білім беру ортасына қосылған балалардың көрсеткіші артуда.Өңіріміздегі аутизм орталығы айына 70 балаға түзету, дамыту жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда аутизм орталығы жаңа ғимаратқа көшірілуде. Бұл өз кезегінде бір айда 200 балаға түзету, оңалту жұыстарын жүргізуге мүмкіндік береді
Өңірде мүгедектігі бар азаматтардың 28 пайызы жұмыспен қамтылған. Осы ретте облыс әкімі мүгедектігі бар азаматтар еңбекке қабілетті болса, оларды міндетті түрде жұмыспен қамтуға көңіл бөлу керектігін айтты. Биыл бұл санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін 81 квота берілсе, оның 25-і жұмысқа орналасқан.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ
Егер мүгедектігі бар азамат жұмыс жасауға қабілетті болса, жұмыс жасағысы келсе оны міндетті түрде жұмысқөа орналастыруымыз керек. Көмектесуіміз керек. инватакси
Мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік нысандарға қолжетімділігін арттыру мәселесі де өзекті. Биыл облыста 364 нысанға бейімдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланса, бүгінге дейін 125 нысан толық бейімделіп, қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген. Мәжіліс соңында облыс әкімі берілген тапсырмалардың орындалуын қатау бақылауға алатынын ескертті.