#qyzylordatv
«Қайсар Арена» стадионы тарихи сәттің куәсі болды. Жас футболшылардың шеберханасына айналған QJ лиганың мыңыншы матчы Сыр топырағында өтті. Онда жеркілікті «Қайсар» командасы Қостанайдың «Тобылымен» кездесіп, маусымашар турда көрерменге тартысы ойын көрсетті.
Айрықша атмосфера, керемет перфоманс. «Қайсар Арена» стадионындағы футбол мерекесі осылай басталды. Аспапты оркестр жасыл алаңда лиганың гимнін орындап, трибуна толы жанкүйерге ерекше әсер сыйлады.
РОХУС ШОХ – QJ ЛИГАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Лиганың тарихи матчы Қызылордада өтуі жәйдан-жәй емес. Осыдан 3 жыл бұрын жас футболшылардың турнирін ұйымдастыру туралы ой осында келген болатын. Қызылордада басталған жоба қарқынды жүзеге асып, бүгінде үлкен ұжымға айналдық. Сол себепті, турнирдің тарихи матчын осында өткізуді жөн санадық. Жалпы, QJ лиганың жастарға берері мол
Матчтың ашылуына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Данияр Жаналинов жас аяқдопшыларға сәттілік тіледі.
Сонымен, кездесу қарқынды басталды. Бір-бірінің ойын өрнегін жақсы білетін қарсыластар алма кезек шабуылдар ұйымдастырып, гол соғуға тырысты. Жергілікті жанкүйерлердің қуанышына орай, алғашқы голды қызылордалықтар соқты. Ойынның 38-ші минутында Ернар Парданың алыстан тепкен добы тоғыздыққа топ ете түсіп, алаң иелерін есепте алға шығарды.
Бірінші тайм 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына жазылды. Ал, ойынның екінші жартысын қонақтар қарқынды бастап, жүйелі ойын өрнегімен алаң иелерін әбден састырды. Үстін-үстін шабуылдаған қостанайлық футболшылар таразы басын теңестіруге тырысқанымен, жергілікті аяқдопшыларға тісі бата қоймады. Қорытынды есеп 1:0, «Қайсар» жастары жеңіске жетті. Ал, трибунадағы 7 мың жанкүйер тартысты матчтан соң эстрада әншілерінің өнерін тамашалады.
Қызылордалықтар футбол мерекесінен керемет көңіл-күймен тарқасты. Алғашқы турда жеңіске жеткен «Қайсар» жастары турнирлік кестенің 6-шы сатысына жайғасты. Енді келесі ойынын сырт алаңда Қазақстан футбол федерациясының академиясына қарсы өткізеді.