#qyzylordatv
Тамыз айының алғашқы жексенбісі теміржолшылар күні. Кәсіби мереке қарсаңында тоғыз жолдың торабы саналатын Сексеуіл кентіндегі темір жол мекемелерінің тынысын тілшіміз Асқар Тәжиев барлап қайтты.
Бағия Рысмамбетова еңбек жолын 1985 жылы Сексеуіл станциясы техникалық кеңсесінен бастаған. Білікті кадр 37 жылдан бері кезекші жанындағы оператор қызметінде. Байланыс маманы Сексеуіл вокзалы аумағына кірген жолаушылар және жүк пойыздарын қалт жібермей қадағалап, олардың қимыл-қозғалысын реттейді. «Мұнда мүлдем қателесуге жол жоқ» дейді ол.
Жұматай Тілесовтің темір жол саласындағы еңбек өтілі – 22 жыл. Алғашында машинистің көмекшісі болып жұмысқа қабылданған. 17 жылдан бері тепловоз тізгіндеп, жүк вагондарын тасымалдайды.
Станция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікпен жұмыс істейді. Олар жолаушылар және жүк пойыздарының қауіпсіз тасымалдануын қамтамасыз етуде. Дәл осы жол торабынан тәулігіне 40 тан астам пойыз өтеді.
Шойын жолда жүк тасымалының артуы станция аумағында тағы бір парктің салынуына сеп болған. Қазір құрылыс жұмыстары жүруде. Бұл жергілікті теміржолшылардың қатары арта түседі деген сөз. Кент тұрғындары үшін темір жол - тіршілік қана емес, тағдыр десе де болады.