#qyzylordatv 

«Қайсар» ел кубогының финалына бір табан жақындай түсті. Күні кеше Футболдан Қазақстан Кубогы бәсекесінің жартылай финалдық ойындары өтті. Қызылордалық команда өз алаңында «Жеңіс» ойыншыларымен кездесіп, елордалық клубты 3-1 есебімен жеңді. 


 Биылғы маусымда қос команда ел чемпионаты аясында бір рет кездесіп, тең тарқасқан еді. Араға біршама уақыт салып «Қайсар» мен «Жеңістің» Кубоктық бәсекеде тағы да жолы түйісті. Бұл матчқа алаң қожайындары ерекше жігермен шықты. Алғашқы шабуылда-ақ, «Қайсардың» нигериялық вингері Виктор Мозес айып алаңында бірнеше ойыншыны алдап өтіп, ортаға тамаша пас асырып берген. Оны Нұралы Жақсылықов голға айналдырып, командасын есепте алға шығарды.


 Елордалықтар үшін бұл күтпеген соққы болды. Десе де, «Жеңіс» жігер танытып, «Қайсарға» қарсы жылдам қарымта шабуылдар ұйымдастырып отырды. Сондай сәттердің бірінде, астаналық команданың хорватиялық шабуылшысы Андрия Филипович баспен керемет гол соғып, таразы басын теңестіріп кетті. 


 Жылдам голдар соғылған соң бір-бірінің қыр-сырын жақсы меңгеріп алған қарсыластар қателікке бой алдырмай, өте сақ ойнады. Бірақ, бірінші таймның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда «Жеңістің» қорғаушылары айып алаңында тәртіп бұзып, қақпасына пенальти белгілетіп алды. 11 метрлік айып добын Виктор Мозес сәтті орындап, «Қайсар» тағы да есепте алға шықты.


 Екінші голдан кейін қонақтар біразға дейін абдырап, бірінші тайм аяқталғанша ес жыйа алмады. Ал, екінші кезеңде Әли Әлиевтің шәкірттері қорғанысты ұмытып, таразы басын теңестіруге ұмтылды. Алаң иелері де қарсыластан осыны күткен еді. «Қайсар» жылдам қарымта шабуылдар ұйымдастырып, «Жеңіс» қақпасына сәт-сайын қауіп төндірді. Және де көп ұзамай Нұралы Жақсылықов үшінші голдың авторы атанып, есепті еселей түсті.


Қорытынды есеп 3-1. Осылайша дала қасқырлары жартылай финалдың алғашқы ойынын ірі жеңіспен аяқтады.


 Әли Әлиев – «Жеңіс» ФК бас бапкері    

Ойын ойадағыдай болды. Бірақ, қорғаныста қателікке жиі бой алдырдық. Қорғаушылар болмашы жерде қателесіп жатты. Астанаға барған соң олқылықтардың орнын толтыруға жұмыс жасаймыз. Бұл бірінші матч. Алда Астанадағы ойын бар. Камбэк күтеміз


 Андрей Ферапонтов – «Қайсар» ФК бас бапкері    

Көптен күткен жеңіс. Бұған дейін біріншілікте бірнеше маңызды матч өткіздік. Сол себепті, командада ротация болды. Жігіттер сенімді ақтады. Десе де, мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алда Астанадағы жауапты кездесу мен Тобылға қарсы сырт алаңдағы тартысты ойындар бар. Тыңғылықты дайындаламыз


Осылайша қызылордалық жанкүйерлер «Қайсардың» көптен күткен жеңісіне куә болды. Сырдың командасы келесі ойынын аздаған үзілістен кейін сырт алаңда Қостанайдың «Тобыл» клубымен өткізеді. Кездесу 9-шы тамызға жоспарланған.