#qyzylordatv
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Қызылөзек ауылдық округінде электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Жоба құны 1 млрд 192 млн теңге. Сондай-ақ, округке қарасты үш елді мекенді газдандыруға, жол-құрылысын жақсартуға екпін берілуде. Ауылда атқарылып жатқан жобалар туралы тілшіміз тарқатсын.
ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ
Биыл Қызылөзек ауылдық округінің бюджеті 324 млн 374 мың теңге болып бекітілді. Бұл қаражат ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Атап айтсақ, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында биыл ауылдық округке қарасты үш елді мекеннің электр желілері мен бағаналары қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Сонымен қатар, тағы бірнеше көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылуда. Мұнан бөлек, екі көшеге асфальт төселсе, қалған көшелерге қиыршық тас төселіп жатыр.
СӘКЕН ӘБДІЖАППАР – ҚЫЗЫЛӨЗЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ Ауылдың инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстарына тоқталсақ, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында өткен жылдары басталған бірқатар жобалар 2026 жылы жалғасын табуда. Соның ішінде ауыл тұрғындарының өзекті мәселесінің бірі болып келген ауылдық округке қарасты 3 елді мекендегі электр желілерінің қайта жаңғырту жұмысын аяқтауға биылғы жылы 393 млн теңге қаралып, құрылыс-монтаж жұмысы жалғасуда. Мұнан бөлек, А. Құнанбаев пен Қараөзек бекеті – 4 көшелерінің жол құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен 181 млн теңге қаралды. +++//
Қызылөзек ауылдық округінде бүгінде үш жарым мыңнан астам халық тұрады. Тұрғындар мал шаруашылығымен қатар бақша дақылдарын егуге басымдық беріп отыр. Биыл 476 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, оның 172 гектары бақша өнімдері. Аяқ-судан мәселе жоқ.
СӘКЕН ӘБДІЖАППАР – ҚЫЗЫЛӨЗЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ Соңғы жылдары ауылдық округте аяқ су тапшылығы орын алып отыруына байланысты су заңнамасының талаптарына сәйкес, демеушілер арқылы елді мекендерге аяқ су келетін 4 каналдың бойына аяқ суды гидротехникалық рейкамен есептеу құрылғылары, яғни гидропосттар орнатылып, ауыл әкімдігі меншігіндегі 4 дана СНП-500 насостық қондырғыларды орнатуға «Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының» арнайы рұқсаты алынды. Қазіргі таңда насостық қондырғылар «Сырдария» және «Қараөзек» арналарына орнатылып, 3 елді мекенмен қатар, тұрғындардың егістік жерлеріне аяқ су тұрақты беріліп отыр./
СӘКЕН ӘБДІЖАППАР – ҚЫЗЫЛӨЗЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ Ауылдық округті газдандыру мақсатында 2025 жылы «ауылдық округке қарасты 3 елді мекенді ілеспе газбен қамту» жұмысының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын. Қазіргі таңда қалалық құрылыс бөлімі тарапынан жобаны республикалық бюджеттен қаржыландыру жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік ұсыным беріліп, жобаны қаржыландыру бағытында тиісті жұмыстар жалғасуда. Құрылыс-монтаж жұмысы 1 млрд 819 млн 408 мың теңгені құрап отыр. Осыған байланысты облыс басшысы да бұны өзінің назарына алып отыр. Қала әкімі де тиісті орынбасарларына да өткен жиналыста нақты тапсырмаларды берді. Қаржыландыру мәселесін оңтайлы шешу бойынша. Қазір қызу жұмыстар жүріп жатыр. Нәтижесін жақын арада көреміз деп ойлаймыз.
Қызылөзекте «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп отырғандар бар. Жыл басынан бері 11 млн 800 мың теңгені құрайтын 2 жоба қаржыландырылған. Соның нәтижесінде іскер азаматтар мүйізді ірі қара мен асыл тұқымды түйе түрін көбейтіп жатыр.