Негізгі Жаңалықтар Жанкент археологиялық экспедициясына - 20 жыл

Жанкент археологиялық экспедициясына - 20 жыл

#qyzylordatv 

Сыр өңірінде «Жанкент археологиялық экспедициясына - 20 жыл» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған жиынға көне қалашыққа қазба жұмыстарын жүргізген археологтар мен ғалымдар қатысып, көпшілік назарына атқарылған жұмыстарды баяндады. Жанкенттен табылған құнды жәдігерлерді таныстырды. Тағы бір жаңалық, «Оғыздардың материалдық және рухани мәдениеті» атты кітап-каталогтың тұсауы кесілді. 


 Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің археолог ғалымдары шетелдік мамандармен бірлесіп Оғыздардың ордасы болған Жанкент қалашығында кешенді қазба жұмыстарын 2005 жылы бастаған болатын. Құм астындағы құпияны зерттеп, тарихты тірілтуге бағытталған жоба жылдар өте жемісін бере бастады. Бұған дейін көне қаланың ІХ ғасырларда бой көтергені айтылса, соңғы зерттеулер шаһардың іргетасы VІІ ғасырда қаланғанын көрсетеді. Кейбір деректерде Шыңғыс ханның әскері Жанкент қаласын басып алғаны туралы айтылады. Бірақ ғалымдар мұны жоққа шығарып отыр. Себебі, моңғол шапқыншылығына дейін Жанкент өркениеті толық тоқтаған,-дейді. Және бір қызықты ақпарат қаланың негізгі Шахристан бөлігінде төрт ірі құрылыс кезеңі болған.  


ӘЗІЛХАН ТӘЖЕКЕЕВ, Ә.МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ  

Яғни қала төрт рет қайта тегістеліп қайта салынған. Қазіргі кезде биік болып көрініп тұратыны сол. Бұл жерде Шахристан бөлігінің өзінде 6-7 метрлік мәдени қабат бар, ал цидатель бөлігінде 10 метрге дейін жететін мәдени қабат бар. Ол деген сөз қаланың ұзақ өмір сүргенін көрсетеді. Қазіргі кезде Жанкент оғыз археолгиясының эталондық ескерткішіне айналды. Яғни Жанкенттен табылған заттар арқылы Қазақстанда оғыз археолгиясы деген түсінік қалыптасты..


 20 жылдың ішінде төрт мың шаршы метрден астам аумаққа археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде керамика, сүйек, металл, тас және шыныдан жасалған көптеген жәдігерлер табылды. Соның ішінде керамикалық бұйымдардың санының өзі 25 мыңнан асады. Жанкенттен шыққан құнды дүниелер қайта өңделіп, облыстық мұражайға қойылды. Мұнан бөлек, облыс әкімінің қолдауымен Астана қаласында және Түркия мемлекетінде көшпелі көрме ұйымдастырылып, Сыр өңірінен табылған жауһар жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. 


 Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға елімізбен қатар көршілес Ресей, Өзбекстан және Германия, Ұлыбританиядан келген ғалымдар қатысып, зерттеу барысында жинақталған ғылыми жұмыстардың нәтижелер туралы айтты. 


 Сондай-ақ жиында «Оғыздардың материалдық және рухани мәдениеті» атты ғылыми-танымдық кітап-каталогының тұсауы кесіліп, таныстырылымы өтті. Жинақта оғыздардың тарихы мен археологиясы, материалдық және рухани мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, қолөнері мен тарихи мұрасы түгел қамтылған. Конференцияға қатысушылар мұнан бөлек, «Жанкент қаласының жәдігерлері» атты көрме мен «Аптап ыстық күн астында Жанкентте өткен 20 жыл» тақырыбындағы фотокөрмені тамашалады.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар