Негізгі Жаңалықтар Шежірелі өлкедегі еңбек тойы

Шежірелі өлкедегі еңбек тойы

#qyzylordatv 

Биыл даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың туғанына – 135 жыл. Дән атасының құрметіне орай Шиелі ауданында дәстүрлі алтын күз мерекесі дүбірмен өтті. Айталық еңбек озаттарына тұрғын үй кілті мен қаржылай сыйлықтар табысталса, Ыбырай Жақаевтың ұлы Сейітбек ақсақалға автокөлік сыйға берілді. 


Жыл сайын еңбек тойын шиеліліктер кең көлемде тойлайды. Дала академигінің ізбасарлары биыл да сол сүрлеуден жаңылмады. Олай болатын да жөні бар. Биыл бұл аудан диқандары 11 мың 600 гектарға Сыр салысын егіп, күріштің әр гектарынан орташа 61,5 центнерден өнім жинады. Егісті әртараптандыру көрсеткіші бойынша да көш ілгері. Ақ күріштен тау тұрғызған диқандар тойына облыс әкімі Мұрат Ергешбаев арнайы қатысып, салтанатты шараны тұтас ел «Qyzylorda» телеарнасынан тікелей эфирде тамашалады. 


Қаз-қатар тігілген ақшаңқан үйлер алыстан менмұндалап тұр.Бұл нағыз тоқшылық тойы. Мерейтойлық мезетті аудан өнерпаздары көркем көрініс арқылы шебер жеткізді. Шыны керек, қазір білекке емес, білімге сенетін заман. Басқасын былай қойғанда егістің ебін табуға да ақыл қажет. Әсіресе, жаңа технологияның тілін білу өте маңызды. Бұл ретте шиелілік шаруалардың асығы алшы. Өңірде ең алғаш лазерлік тегістеу әдісі осы өлкеде қолданылды. Озат құрылымдар егіске минералдық тыңайтқыштарды дрон арқылы себуді қолға алған. Биыл үздік атанудың басты сыры осында жатыр. Жиында еккені мен кетпенін қатар қамдаған сала озаттары марапат төрінен көрінді. 


Еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері шаруалардың қуанышына ортақтаса келген. Олар диқандармен дидарласып, үздіктерге бәрекелді десті. Бұл ымыралы тірліктің көрінісі. Кеше ғана атыз басында жүрген күрішшілер мен комбайн кабинасындағы азаматтар бүгін еңбекпен ер атанып отыр. Алды тындырымды тірлігіне қарай пәтер кілтіне ие болды. Ал, даңғайыр диқанның ұлы Сейітбек Ыбырайұлына аудан әкімдігі тарапынан су жаңа автокөлік сыйға берілді. 


Еңбек тойы аудан орталығында жәрмеңкеге ұласты. Жергілікті өнімдер нарқын облыс әкімі арнайы аралап көрді. Шиелінің шекер қауыны, қамбаға биыл түскен ақ күріш, нарттай қызыл қызанақ, тіпті, балға дейін осы алаңнан табылады. Жәрмеңкеге бас-аяғы 150 тоннадан астам өнім шығарылды. Мұның бәрі ауыл дәмі. Мұнда қатып қалған баға жоқ. Ебін тауып саудаласа білгендер қалағанын базар бағамынан едәуір арзанға алды. Өйткені жәрмеңкедегі өнімнің бәрін шиелілік шаруалар өздері еккен. Осыған сүйеніп біз де біршамасын саудалап көрдік. Мәселен, 10 келіден асатын қыстық қарбызды 2 мың теңге деп тұр. Сөйлесе келе, 1500 теңгеге түсірдік. Бір сөзбен, мұндағы өнімдердің әрқайсысы базар бағамынан 15-20 пайызға дейін арзан сатылды.


Амангелді Өтегенов кәнігі диқан. Бақша дақылдарының бабын тапқанына 15 жылдан асыпты. Биыл тамшылатып суару әдісімен 2 гектардан астам алқапқа қызанақ еккен. Өнімі өңір асып, Қарағанды қаласына дейін жол тартыпты. Енді міне күзгі несібені жерлестерімен бөлісу үшін жәрмеңкеге арнайы келіп отыр. Мақсатым, пайда табу емес, тоқшылық тойына тарыдай болса да үлес қосу, дейді бестамдық диқан.  

Алтын күз мерекесі кешкілік эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала концертке ұласты. Бұл кеште Гүлнұр Оразымбетова, Сырым Исабаев, Әл-Фараби Бекарысұлы және Баянсұлу Сағындықова секілді көпшілікке танымал өнер иелері ән шырқады.


Мерейлі кеште ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматқа құрмет көрсетілді. Ал өнер иелері жастардың сұранысына сай үздік туындыларын орындады. Бір сөзбен, көптің көңілі шат. Осылайша, шежірелі өлкедегі еңбек тойы әсем әнмен әрленіп, отшашумен қорытындыланды.        


Бөлісу