Жалағаштық диқандардың еңбегі еселенді
#qyzylordatv
Жалағаш ауданы маусым қорытындысымен «Егін шаруашылығы» саласы бойынша үздік деп танылды. Биыл вегетациялық кезеңдегі су тапшылығына қарамастан, жергілікті диқандар ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Ел ризығын еселеген озат жұмысшылар мен дала еңбеккерлері «Алтын күз» мерекесінде ұлықталды.
«Алтын күз» мерекесі аясында алдымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Шараға жергілікті шаруалар 40-тан астам өнім түрін әкелді. Жәрмеңкедегі тауарлар бағасы нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өнімдер экологиялық тұрғыдан таза. Тұрғындар үшін қолайлы бағада қысқы азық қамдауға мүмкіндік берген сауда-саттық шарасы таңнан басталып, түске дейін жалғасты.
Тұрғындардың басым бөлігі қысқы азық-түлік қорын дайындау мақсатында келгендіктен, жәрмеңкенің саудасы қызды. Шара барысында аудан әкімі елмен бірге сауда қатарларын аралап, өнімдердің бағасын бақылады. «Алтын күз» мерекесі кешкісін орталық стадионда салтанатты іс шарамен жалғасты. Көпшілік алдымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін тамашалап, еңбеккерлердің жетістіктерімен танысты. Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүрлерден көріністер қойылып, келушілерге түрлі тағамдар ұсынылды.
Биыл аудан бойынша барлығы 16 мың 618 гектар аумаққа күріш егілді. Дала еңбеккерлерінің маңдай тері мен тиянақты күтімнің арқасында алқаптың әр гектарынан орта есеппен 60,5 центнерден өнім жиналды. Сондай-ақ егісті әртараптандыру бағытында да оң нәтиже бар. Аудан әкімі Ерлан Төрәлиев ауыл шаруашылығы саласында жоғары жетістікке жеткен еңбеккерлерге алғыс білдірді.
Мұнан кейін, мерекелік кеште бір топ дала еңбеккерлері мен ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері облыс әкімінің алғыс хатымен, «Жалағаш ауданының дамуына қосқан үлесі үшін» және «Ыбырай Жақаев» атындағы төсбелгісі табысталды. Үздіктер ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының бірінші және екінші дәрежелі төсбелгісі және «Елеулі еңбегі үшін» медалі, сондай-ақ арнайы номинациялармен марапатталды. Еңбегі еленгендердің қатарында «Таң» ЛТД жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің комбайншысы Шоқан Мұхтарұлы да бар. Ол «Класс» комбайнымен 23 мың центнер астық бастырып, мол өнімге қол жеткізген.
Міне, осылайша ала жаздай атыз жағалап, маңдайы күнге, табаны құмға тиген диқандардың еңбегі еселенді. Тоқшылық тойында жергілікті өнерпаздармен қатар, қазақ эстрадасының әншісі, «МузАрт» тобының мүшесі Кенжебек Жанәбілов өнер көрсетті. Еңбек тойы әсем әнмен әрленіп, отшашумен қорытындыланды.