Еңбек озаттары марапатталды
#qyzylordatv
Сырдариялық диқандар биыл су тапшылығына қарамастан күріштің әр гектарынан 55 центнерден өнім жинап, қамбаны дәнге толтырды. Берекелі күзге толайым табыспен жеткен еңбекші қауым «Алтын күз» мерекесінде марапатталды.
«Алтын күз» жәрмеңкесіне 50-ден астам көлікпен 65 тоннаның үстінде өнім жеткізілген. Өнімін ұсынған диқандар да, қысқы азық-түлік қамын ойлаған тұтынушылар да мәз-мейрам. Оған басты себеп – мұндағы тауарлардың бағасы күнделікті нарықтық құннан анағұрлым төмен.
«Егінді өсіре білу – алғашқы асу ғана. Ысырапсыз жинап алу – мәре» деген даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев. Биыл сырдариялық еңбекшілер 33 мың 933 гектарға егін ексе, оның 18 мың 541 гектары – күріш. Диқандар 111 мың тоннадан астам астықты қамбаға құйды. Бүгінде аудандағы шаруашылық құрылымдары алыс-жақын шетелге Сыр салысын экспорттап жатыр.
Мұнан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, баға тұрақтылығын сақтау мақсатында ауданда 809 гектар жерге бау-бақша және көкөніс дақылдары егіліп, мол өнім жиналды. Сондай-ақ, мемлекет басшысының суды үнемдеу туралы тапсырмасына сәйкес аталмыш өлкеде суды көп қажет ететін дақылдар көлемі оңтайландырылып, су үнемдеу технологиялары енгізілді. Ауданда құны 40 млрд теңге, жылына қуаттылығы 150 мың тонна жүгері дақылын терең өңдейтін зауыттың құрылысы жуық арада аяқталып, пайдалануға берілмек. Осындай айтулы жұмыстардың нәтижесінде шаруалар мол өнімге қол жеткізді.
Салтанатты іс шарада ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азамат «Ыбырай Жақаев атындағы төсбелгімен», Ауыл шаруашылығы министрінің «Құрмет» грамотасымен, облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Міне, ерте көктемнен кірісіп, бел жазбай еңбек еткен сырдариялық шаруалар осылайша құрметке бөленді. Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.