Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өз жұбайын қатігездікпен өлтірген шиелілік тұрғынға айыптау үкімін жариялады. Бірнеше айға созылған сот процесінде барлық мән-жай сараланып, аса ауыр қылмыс жасаған айыпталушыға 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жантүршігерлік жағдай осы жылдың шілде айында Шиелі ауданы Майлытоғай елді мекеніне қарасты малшы қоныста болған. Екі кештің ортасында ерлі-зайыптылардың арасында дау тұтанып, оның соңы орны толмас қайғылы жағдайға әкелді. Күйеуінің аяусыз соққысынан соң 21 жастағы Меруерт Жоламан оқиға орнында жан тапсырған.
ГҮЛДАНА ДОСАН – ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ /Сотталушы заңды некедегі әйелінің қонақ бөлмеде планшетпен белгісіз адаммен сөйлесіп отырсың деп, болмашы нәрсені желеу етіп, ашуға булығып, қолындағы планшетті тартып алып, бөлменің қабырғасына ұрып сындырып, қасында тұрған ағаш ас столының аяғын сындырып қолына алып, жолдасына күш қолданып, соңғының басынан, денесінің әр жерінен бірнеше рет теуіп, ұрып-соғып, жәбірленушіге қасақана қаза келтірген.
Марқұмның жақындарының айтуынша, соқталдай жігіт жұбайын осыған дейін де бірнеше мәрте ұрып-соққан. Екі жас уақыт өте тіл табысар деген үмітпен заң органдарына жүгінбепті. Мұның ақыры орны толмас өкінішке әкеліп отыр. Бірнеше айға созылған сот процесінде барлық мән-жай сараланып, аса ауыр қылмыс жасаған азаматқа 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
ДУМАН ӘЛИЕВ – ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ Сотталушы Жаңабай Біржан Жаңабайұлы ҚР қылмыстық кодексі 99 бабының бірінші бөлігімен кінәлі деп танылып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сотталушы Жаңабай Біржан Жаңабайұлына қылмыстық кодекстің 60 бабы 1 бөлігінің талабына сәйкес, Қызылорда қалалық №2 сотының 22 ақпан 2024 жылғы үкімімен тағайындалған бас бостандығынан шектеу жазасының өтелмеген бөлігіне ішінара қосу арқылы түпкілікті 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.
26 жастағы Шиелі ауданының тұрғыны осыған дейін сотты болған. Ал, оның бас бостандығынан шектеу жазасы әлі аяқталмапты. Сот осы мән-жайды ескеріп, түпкілікті 12 жыл жаза кесіп отыр. Ерлі-зайыптылардың арасындағы некеден 1 жасар бүлдіршін қалды. Сот оны Шиелі аудандық білім бөлімі жанындағы қамқоршылық ұйымының қарауына беруді шешкен.
САЛТАНАТ ЫРСАЛДИЕВА – ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АНАСЫ /Қызымды 22-і күні жерледім, сол күні кішкентай қызды алып келдім. Содан бері қызым қолымда. Енді оны Шиелі аудандық қамқоршы үйіне береміз деп жатыр. Сондай шешім шығарып қойды. Мен оған келіспеймін. Қызымнан айырылдым, енді оның баласынан айырылғым келмейді.
Айта кетерлігі, марқұмның бұрыңғы некесінен 3 жасар қызы бар. Ол осы нағашы әжесінің қолында екен. Немересінің тағдырына алаңдаған ана енді жетім қалған жазықсыз жандарды бірге өсірсем, дейді. Айта кетейік, сот үкімі әзір заңды күшіне енген жоқ.