#qyzylordatv

Тұрғындарды ыстық сумен қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Қалалық мәслихат депутаттары рейд барысында Астана мөлтек ауданындағы №12 көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтау жүйесіне қосу және қала аумағындағы қоғамдық көлік қатынасына қатысты мәселелерді талқылады.

Президент тапсырмасына сәйкес, қаладағы төрт жүзден астам көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтау жүйесіне қосу үшін жоба әзірленді. Былдыр бірінші кезең бойынша 187 үй ыстық суға қосылса, биыл 236 үйді қамту жоспарда. Депутаттар аралау барасында Астана тұрғын ауданы №12 үйде болды.

 Депутаттармен кездескен тұрғындар судың сапасы мен кейбір пәтерлердің әлі күнге ыстық суға қосыла алмағанын айтты. Бұл мәселелерге қатысты сала мамандары арнайы түсіндірме берді. Ыстық суға қосылған пәтерлердің шығыны азайды дейді тұрғындар. Бұрын су жылытқыш қондырғыларды пайдаланғанда кететін қаражат қазіргіден үш есе көп болатын дейді мамандар.

 Мұнан соң депутаттар «Қызылорда автобус паркінің» жұмысымен танысты. Автобус жөндеу цехтарын аралап, оларды бақылау орталығында болды. Күнделікті халыққа 270-тен астам автобус 32 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Қос мәселеге қатысты жиын комиссия отырысында кеңінен талқыланды. Ыстық су жүйесінің сенімді және үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін мердігер мекемелердің жауапкершілігін көтеріп, сапасы жоғары материалдарды қолдану жайы ұсынылды.

Ал қоғамдық көлік мәселесінде депутаттар халықтың сұранысын ескеріп, елді мекендер мен саяжай аумағындағы көшелерді жөндеуден өткізу, арнайы аялдама белгілерін орнату қажеттігін жеткізді.

Қалалық мәслихат төрағасы қай мәселеде болсын сапаны назарда ұстап, халықтың пікірін ескеру қажеттігін еске салды.

 Талқылаудан соң депутаттар арнайы қаулы енгізді. Онда ыстық суға қатысты жұмыстарды уақытылы әрі сапалы орындау мен қоғамдық көлікке қатысты кемшіліктерді түзету, әрі бақылауда ұстау қажеттігі айтылған.