«Алтын күз» бен қала күніне арналған шаралар легі ипподромда республикалық ат бәйгесіне ұласты. Сырдағы аламанға Алматы, Жамбыл, Шымкент, Ұлытау облыстарының атбегілері мықты деген 70- ке жуық сәйгүлікті әкеліп, бәйгеге қосты.
Торқалы тойдың көрігін кіргізген атжарыстың жүлде қоры 13 млн теңгені құрады. Бірінші болып атшабарға тай бәйгесінің тұлпарлары шықты. Тай бәйгеде 18 жүйрік 5 шақырымдық қашықтыққа шапты. Мәре сызығын бірінші болып жамбылдық шабандоздың «Ақмоншақ» атты сәйгүлігі кесті.
Құнан бәйгесінде сәйгүліктер бес айналым, 11 шақырым қашықтықта жарыс жолына шықты. Елдің делебесін қоздырған бұл бәйгеде сырбойылық атбегілердің асығы алшысынан түсті. Мәселен, сырдариялық Рамазан Абдулашим тақымдаған «Ақбақай» мәре сызығын бірінші болып кесті. Одан соң, шиелілік Рамазан Нұрлыбекұлының «Киігі» екінші болып жетсе, жалағаштық Рауан Нартайұлы тақымдаған «Қыран» үштікті түйіндеді.
Даланы дүбірге бөлеген тұлпарлардың шабысынан делебесі қозған көрерменнің қиқуы топ бәйгесінде үдей түсті. Аламанда шабандоздар алғашқы екі-үш айналым бойы бір-бірінің аңдысын аңдып бақты. Қашықтық артқан сайын шабаны қалып, жүйріктерінің шабысы үдей түсті. 17 -іден жетеуі қалып, соңғы айналымға дейін сыр алдырмады. Десе де, шаршы топты қақ жарып, шаң қаптырып кеткен «Қарлығаш» мәреге бірінші болып жетті.
Төзім мен жігер, қайрат пен мінез сынға түскен аламанды ипподромға жиналған халық соңына дейін тапжылмай тамашалады.