Жалағаш ауданының еңбеккерлері де қала тұрғындарына табиғи таза өнімдерін ұсынды. Титов қыстағында өткен жәрмеңкеге шаруалар 60-тан астам автокөлікке тиелген 200 тоннаға жуық түрлі өнімдерін әкеліп, нарықтағы бағадан біршама төмен сатты.

ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //Жалағаштық дихандардың ала жаздай еткен еңбегі ақталды. Биыл аудан дихандары егіннен мол өнімге қол жеткізді. Мәселен, Жаңадария ауылы 3 тоннадан астам қауын-қарбызды жәрмеңкеге әкеліп отыр. Әсіресе, оның ішінде мынадай қарбыздарға сұраныс жоғары. Бұлардың салмағы отыз келіге дейін тартады.//

Жаңадариялық Нұржан Сейфулла биыл үш гектар аумаққа қауын мен қарбыз егіпті. Тың жерді игерген жас өнімді өсіруге ешқандай химиялық қоспаларды қажет етпеген. Құнарлы жерден нәр алған бақша өнімдерінің дәмі тіл үйіреді.

НҰРЖАН СЕЙФУЛЛА – ЖАҢАДАРИЯ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ /Биыл өнімді жақсы алдық. Халықтың сұранысы жақсы, бәрі алып жатыр. Қарбыздың бұл зимовка деп атайды, кейбіреулер бай-бай деп атайды сол түрі. Қысқа сақтауға өте қолайлы. Бұның ең кішкентайы 20 келіден басталады.//

Ал, Таң ауылының тұрғыны Болатбек Есжанов отбасымен 350 гектар алқапқа күріш егіп, әр гектарынан 60 центнерден өнім алыпты. Алғашқы өнімдерін елорда төріндегі жәрмеңкеге апарса, енді облыс тұрғындарына ұсынуда.

БОЛАТБЕК ЕСЖАНОВ – ТАҢ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ //Ақ күріштің «Лидер» сортын әкелдік. Төрт жарым тонна. Биылғы өнім жақсы. Базар бағасынан әжептәуір арзан сатып жатырмыз. 280 теңгеден. Тұрғындар қабымен алып жатыр, жақсы.//

Жаңаталап ауылының тұрғыны Жанат Шәкенова жәрмеңкеге бір тоннадан астам су маржанын әкеліпті. Арнайы көлікпен жеткен балықтар небәрі бір жарым сағаттың ішінде түгел сатылып кетті.

ЖАНАТ ШӘКЕНОВА – ЖАҢАТАЛАП АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ //Балықтың барлық түрі бар: сазан, карас, мөңке, жылан балық, ақ амур, шортан. Жергілікті базардан қарағанда 200-300 теңгеден арзан сатып жатырмыз. Тұрғындар жақсы алып жатыр. Уже біразы өтіп кетті.//

Берекелі жәрмеңкеде Титов қыстағының тұрғындары өздерінің қыс қажетін түгендеумен қатар, төрт түлігінің де жем-шөбін қамдап алды.

Биыл Жалағаш ауданында 36 мың гектардан астам алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның 19 мың 357 гектары күріш. Алынған өнім жоғары. Жерін баптай білген диқандар қамбаға 114 мың тоннадан астам Сыр салысын жинаған.

ҒАНИ СҮЛЕЙМЕНОВ – СЫРДАРИЯ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ //2003 Жалағаш ауданынан 60 көлікпен 440 млн 720 мың теңгенің өнімін алып келдік. Базар бағасынан 15-20 пайызға төмен. Жалпы Жалағаш ауданы 37 720 г ауылшаруашылығын орналастырды. Оның ішінде 19 357 күрішін екті. Қазіргі таңда барлық өнімін жинап, қамбаға құйып алды. Сондай-ақ, жәрмеңкеге 20 тоннадай пресс-шөптерімізді әкелдік. Сосын жемдеріміз де келді. Бұл енді диқаншылардың ала жаздайғы еңбегі.//

Айта кетейік, Жалағаш ауданы – биылғы егіс науқанының қорытындысымен «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту» көрсеткіші жоғары деп бағаланып, озат атанды.