Жаз бойы бел жазбай еңбек еткен қазалылық шаруалар да күзгі жиын-терім науқанын ойдағыдай аяқтады. Қамба дәнге толып, елдің несібесі артты. Дала еңбеккерлері берекелі күздің алғашқы өнімдерін облыс орталығында өткен жәрмеңкеге әкеліп, қала тұрғындарына ұсынды.

Биыл Қазалы ауданында 17445 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде күріш көлемі 5636 гектарды құрайды. Аудан диқандары үшін аяқ су мәселесі өте өзекті болды. Дегенмен, дер кезінде қолға алынған шаралардың нәтижесінде күріштің шығымы жаман болған жоқ. Орташа өнім 38,1 центнерден келді. Енді міне, күзгі науқанды аяқтаған шаруалар ат артып қалаға келді.

Қазалы алтын күздің қорытындысымен «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы» бойынша озат аудан атанды. Бұл кәмпит, ет, сүт және балық өнімдерін өңдеп, халықты сапалы тауармен қамтамасыз етіп отырған шаруашылық иелерінің еңбегінің жемісі.

Қызылордалықтар қазалының кәмпиті мен күрішін де кезекке тұрып, сатып алды. Себебі, сапасы жақсы, бағасы қолжетімді. Мәселен, күріштің келісі 280-300 теңгеден босатылды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жәрмеңкеге арнайы келіп, қазалылық еңбеккерлердің өнімдерімен танысты. Аудан өнерпаздарының концертін тамашалады.

Қазалылықтар күзгі өнімдерден арнайы көрме жасап, келушілердің ерекше қызығушылығын туғызды. Жәрмеңке барысында ұлттық спорт түрлерінен сайыс өткізілді. білектілер қол күрестіріп, гір тасын көтерсе, балуандар боз кілемде белдесті.