Жаңақорғандық шаруалар жиын-терім науқанын ойдағыдай аяқтап, су үнемдеу технологиясы бойынша озат аудан атанды. Облыс орталығындағы тоқшылық тойына жаңақорғандық диқандар 200 тоннаға жуық өнімін әкеліп, тұрғындарға тиімді бағада ұсынды.

Жусаны мен жуасы бұрқыраған қазақы ауылдың көрінісі қаланың қақ ортасындағы Астана көшесінен де көрініс тапты. Күннің салқындығы сезілсе де, Жаңақорған жұртының жылылығы сауда жасаған тұрғындардың қатарын сиреткен жоқ. Жайылма ауылының тұрғыны Нұрлыбек Мырзабеков жыл сайын қарбыз егіп, көл-көсір пайдаға кенеліп келген. Биыл диқан қарбыз егісінің көлемін азайтып, картоп егуге көңіл бөліпті. Нәтиже де жаман емес. Бір гектар аумақтан 30 тоннаға жуық өнім алыпты.

Сүттықұдық ауылында шаруашылық есебінен 17 гектар аумақ инженерлік жүйеге келтірілген. Дайындалған аумақ ерте көктемде бау-бақша өнімдерін егу үшін тұрғындарға беріліп, осы алқаптан 11 отбасы азық-түлігін қамдапты. Артылғанын сатып, кәдесіне де жаратып отыр.

Жәрмеңкеге ауданнан 70 автокөлікпен 200 тоннадан астам өнім, атап айтқанда күріш, көкөніс, бақша және ет, сүт өнімдері мен балық тағы басқа ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілген. Жәрмеңкені аралаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері диқандардың еңбегіне оң бағасын берді. Ал қысқа қажетті өнімді молынан алған тұрғындар ауыл еңбеккерлеріне дән риза.