#qyzylordatv
Ауыл әкімдеріне қойылар талап та, қолдау да күшеймек. Жуырда елордада өткен республикалық форумда президент шалғай елді мекендерді түлетуге нақты пәрмен берді. Аталмыш алқалы жиынға Сыр өңірінің де ауыл әкімдері мен атқарушы билік өкілдері барып қайтқан еді. Диалог форматындағы талқы алаңының тұздықты тұсы «Amanat» партиясының ұйымдастыруымен өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Астанадағы форумға 2500 ауыл әкімі қатысты. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауқымды басқосу. Жиында қордаланған мәселелер ашық айтылып, ауылды түлетудің тың тетіктері таразыланды. Мәселен, бірқатар өңірге экологиялық айыппұлдар толық төлене бастайды. Сондай-ақ, ауылдардың маңында орналасқан кәсіпорындардан түсетін салықтың бір бөлігі сол елдімекендердің қазынасында қалатын болды. Яғни, бюджеттің төртінші буынына салық пен төлемдердің 25 түрі берілмек. Осы арқылы ауыл-аймақтың кем-кетігін түгендеп, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туып отыр.
ШӘРІП ӘБДІРАХМАНОВ – ҚЫЗЫЛЖАРМА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ / Салық түсімі бізде қазіргі таңда қаралып тұрғаны төртінші деңгейдегі өте аз. Ол ауылдың қажетті жобаларын жинақтап, оны жүзеге асыруға жетіспейді. Біз көбіне қалалық немесе республикалық бюджеттен аламыз. Енді жаңа жылда біз жаңа бағыттағы жұмысты бастауымыз керек. Салықтың бірнеше түрін бізге қосып беретін болса, сол арқылы біз өзіміздің тағы да алдағы жоспарлы жобалармызға қаржыларды жұмсай алатын боламыз.../
Форумда айтылған және бір жағымды жаңалық: «Ауыл аманаты» жобасына 2029 жылға дейін 600 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінетін болды. Бұл ретте, ауыл әкімдеріне артылар жүк жеңіл емес. Яғни, тұрғындарды кәсіпке ұйыстырып, елді мекенге енгелі тұрған қаражатты кері қайтармаулары тиіс. Айта кетерлігі, аталмыш жоба аясында елімізде екі жылдың ішінде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Соның 2 мыңнан астамы Сыр өңіріне тиесілі. Жалпы, ауыл әкімдерінің форумында 5 басым бағыт қамтылған. Солардың дені «Аманат» партиясы қолға алған «Әкімдер мектебі» жобасы шеңберінде айтылған ұсыныстар.
ЖАНДОС БАЗАРТАЙ – AMANAT» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ / Әкімдердің арасында бұрын билік жүйесінде жұмыс істемеген азаматтар бар. Олардың тәжірибесі аз екенін түсіндіріп, осы бағытта «Аманат» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Әкімдер мектебі» жобасының маңыздылығына тоқталды. Қаңтар айында мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында «Аманат» партиясының оң тәжірибесін ескере отырып, мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірге осы жаңадан сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді даярлау бағдарламасын іске асыруда тапсырған болатын.../