#qyzylordatv

Қамыстыбас ауылының тұрғындары үшін қуанышты жаңалық. Жыл соңына дейін елді мекенге көгілдір отын беріледі. Қазіргі уақытта газ құбырлары тартылып, монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Арал ауданындағы газдандыру жұмыстары туралы тілшіміз Әкімжан Жолтаев айтып береді.

 Қамыстыбас «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық автожолына жақын, теміржолдың бойында орналасқан елді мекен. Ауыл маңында Қамбаш көлі бар. Сондықтан мұнда туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Әсіресе, жаз мезгілінде елімізден бөлек көршілес мемлекеттерден келетін демалушылар саны арта түседі. Осы орайда ауылда жол жөндеу, жарықтандыру, тозығы жеткен электр бағаналарын жаңарту жұмыстары жыл сайын жүргізіліп келеді. Енді міне тұрғындардың көптен бергі арманы газдандыру мәселесі биыл оң шешімін тауып отыр.

 АҚЫЛБАЙ ЖҰМАҒҰЛОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ \ауылымызға газ келеді деп халық қуанып жатыр. Қуаныштарында шек жоқ. Жұмыстары жақсы жүріп жатыр, жеделдетіп соны қосса халық қуанышты. Бұрын көмір жақтық болмаса отын жақтық. Қазір енді келіндеріміз бен аналарымызда едәуір жеңіл болатын болды. ....\

Ауылда төрт жүзден астам үй болса, соның жүзге жуығы теміржолдың бергі бетінде орналасқан. Жыл соңына дейін бергі беттегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарға газ беріледі. Қазір ауыл маңындағы газ тарату станциясында монтаждау жұмыстары жасалып жатыр.

 АЗАТ БАЛМЫРЗАЕВА, ҚАМЫСТЫБАС АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ \ Бұл бетте тұрғын үйлердің саны 106, әлеуметтік нысандар 3, кәсіпкерлік нысанымыз төртеу. Құдай қаласа газдандыру жұмыстары осы жылдың желтоқсан айының аяғында халыққа тұтынуға беріледі деп жоспарлануда. ... \

 Арал ауданында газдандыру жұмыстары келесі жылы да жалғасады. Мәселен, Сыр беткейде қоныс тепкен елді мекендерді көгілдір отынмен қамту мақсатында демеушілер есебінен жоба дайындалып, бүгінде мемлекеттік сараптамадан өтуде.

 ШЕРХАН ЕСЖАНОВ, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ \Бұл жоба іске асқан жағдайда сол Сыр беткейдегі Аманөткел, Қосжар, Бөген, Қызылжар, Ескіұра ауылдарына көгілдір отынға қол жеткіземіз. Ал, дарияның арғы бетіндегі Жаңақұрылыс пен Қаратереңді Қазалы ауданындағы Бекарыстан би елді мекені арқылы газдандыру жоспарымыз бар. .... \

Ал, ауданның қыр беткейіндегі Тоқабай, Ерімбетжаға, Қарақұм ауылдарына газ құбырын тарту үшін демеушілер есебінен жоба жасалатын болады. Жалпы, бүгінде аудан халқының 72 пайыздан астам көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Атап айтсақ, Арал қаласы, Сексеуіл, Жақсықылыш кенттері және Шижаға ауылының тұрғындары табиғи газ тұтынып отыр.