#qyzylordatv
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы болды. Өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру жайы қаралған жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан соң Данияр Еренғалиұлы облыс активімен жүздесіп, көтерілген мәселелер төңірегінде тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Жыл басынан бері аймақта 328 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіші біршама артқан. Өңір кәсіпорындары цифрлық және автоматтандырылған технологияларды кеңінен қолдануда. Мәселен, шыны зауыты өнім жинау мен тасымалдауда жапон роботтарын, ал шыны кесуде италиялық автоматты пайдаланады. Айта кетейік, облыста экономиканы әртараптандыру аясында жоспарланған 20 жобаның 13-і іске қосылды, ал қалған 7-уі жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Бұл қатарда кезегін күткен өзге де ауқымды жобалар бар.
МӨЛДІР ТӘУІПБАЕВА – ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ / Жыл соңына дейін вагон жөндеу кешенінің бірінші кезеңі, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ үндіру, тұз және жүгері ұны өндірістері, темір бетон зауыттары іске қосылады. Жақын арада кальцийленген сода, санитарлық-техникалық бұйымдар, керамикалық тақтайша, шыны бөтелке зауыттарының құрылысы басталады. Сонымен қатар, жүгері дәнін терең өңдеу, техникалық қарасора және соя өсіру бойынша жобалар жүзеге асырылады.../
ДАНИЯР ЖАНАЛИНОВ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ /Өңдеу өнеркәсібінің көлемін барынша арттырып, жыл қорытындысымен оң динамикаға жету үшін нақты әрі жедел шаралар қабылдауды тапсырамын. Өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың өндірістік жоспарын нақтылау керек. Туындаған мәселелерін жедел шешіп, қосымша өсім көздерін анықтаңыздар/